Әлемдегі пандемия, елдегі карантин көп жастарды кәсіпке үйрете бастады. Көп жұмыс орындарының қысқаруы немесе жабылуы жастардың жаңа идеяларға жол бастап, жастар екі қолға бір күрек іздей бастағаны рас. Осы орайда «Ұлт» порталы карантинде кәсібін дөңгелеткен жастармен сырласып көрді.
Мәселен, Маңғыстау облысы Бейнеу ауылының тұрғыны Ғалымжан Лепесов сиыр мен қой терісін өңдеп, дайын болған былғарыдан аяқ киім тігуді қолға алған. Жас кәсіпкер алғашында темірден, ағаштан әртүрлі пішімдер әзірлей жүріп, тұрмыстық бұйымдар, үй жабдықтарын жасаған. Ал бүгінде ол етік тігу ісін бастапты. Ол бұл ксіпке қалай келгені туралы былай дейді:
«Қазіргі уақытта тек ерлерге арналған аяқ киім тігіп жатырмын. Алдымен тапсырыс берушінің өлшемін алып, дайын болу уақытын келісіп аламын. Кейін керекті материалдарды дайындап, аяқ киім жасауға кірісемін. Шағын ғана цехымда арнайы құрылғыларым бар. Тұтынушының көңілінен шығып, ойындағыдай етіп жасауға бар күшімді саламын. Алдағы уақытта шағын цехты кәсіпкерлікті қолдайтын мемлекеттік бағдарламалар арқылы одан әрі дамытып кеңейту жоспарда бар», - деді Ғалымжан Лепесов.
Ал шымкенттік жастар ерекше кәсіпті бастаған. Мемлекеттің жас кәсіпкерлерді қолдау бағдарламаларына қатысып, бизнесін өркендетуге мүмкіндік алған жастардың бір тобы «Robo park» техникалық білім беру орталығының жұмысын дөңгелетіп отыр. Бұл орталық роботехниканы үйретеді. Мұнда 4-16 жас аралығындағы балалар робототехниканы, яғни робот құрастыру және құрастырған роботқа бағдарлама жазу мен бағдарламалау бағытында жұмыс істейді. Балаларға робот құрастырумен қатар бағдарлама жазуды да үйретеді. Бұл баланың логикалық ойлау қабілетін, ұсақ маторикасын , кеңістікте ойлау қабілетін дамыту мақсатында көптеген қасиеттерін ашады екен.
«Менің мамандығым – бағдарламашы. Алматы қаласынан оқуымды аяқтап келгеннен кейін Шымкент қаласында жеке кәсіп бастап, білім беру орталығын ашуды ойладым. Орталықты ашқан кезде ең алдымен білікті мамандар жинау басты мақсатымның бірі болды. Мұғалым информатика пәнінен педагог болуы керек болды, балалармен өте жақсы тіл табысып, жоғары деңгейде жұмыс істей білуіне назар аудардым. Осындай критерийлерге қарап мұғалімдерді таңдадым. Біздің оқу орталығымыздың бір ерекшелігі – тренерлеріміздің арнайы жазған қазақ тіліндегі әдістемелік оқу құралымыз бар. «Роботехника және конструкциялау» деп аталатын әдістемілік құралда бағдарламау әліппесінен бастап бағдарламалаудың сан тәсілі қазақ тілінде түсіндірілген. Бұл кітап баланың роботты нөлден бастап жүргізіп кету қабілетін ашады. Кітабымызды қазір Шымкент қаласындағы көптеген мұғалімдер өздерінің сабақтарында қолданып жүр. Мұндай оқу құралдары көбінесе орыс тілінде жарық көріп жатады. Сондықтан біздің әдістемелік құрал қазір көптеген ұстаздардың көмекші құралына айналып отыр», – дейді Жансұлу Ертаева.
Карантинде кәсібін дөңгелетіп отырған жастың бірі – алматылық Айзада Қасымхан. Жас қыздың Алматы шаһарында Aizada Bakery кондитер дүкені бар. Елдегі карантинге байланысты Айзада дүкенді жауып тәтті өнімдерін үйден дайындап сата бастаған. Бұл туралы Айзаданың өзі былай дейді:
«Карантинде жұмысым көп болды. Күндіз торт пісіремін, кешке диплом жазамын. Кейін блок-посттар алынып, бәрі оңалғанда дүкенді қайта аштық. Үйде торт жасап тапқан қаражатты дүкенге құйдым. Шүкір, шығын болмады», – дейді жас кәсіпкер.
Айзаданың дүкеннің ерекшелігі – мүгедектігі бар балалардың отбасына торт тегін беріледі. Ал көпбалалы аналарға 15% жеңілдік бар. Елімізде осындай жастардың көбірек болуы – еліміздің экономикасына өз үлесін қосатыны сөзсіз. Сондықтан да жастардың кәсібін қолдау баршамызға парыз.
Естеріңізге сала кетейік, әлемдегі пандемия, елдегі карантин көп жастарды кәсіпке үйрете бастады. Көп жұмыс орындарының қысқаруы немесе жабылуы жастардың жаңа идеяларға жол бастап, жастар екі қолға бір күрек іздей бастағаны рас. Осы орайда «Ұлт» порталы карантинде кәсібін дөңгелеткен жастармен сырласып көрген болатын.