14 қыр, 2021 сағат 11:41

Елдегі инфляция тұрақты сипат алып барады – Досаев


ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ерболат Досаев Үкімет отырысында елдегі инфляцияның тұрақты сипатқа ие болғанын айтып, оның себептеріне тоқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстанда инфляцияның өсуі барынша тұрақты сипат алып отыр. Биылғы сәуір мен тамыз аралығында жылдық инфляция 7,0%-тен 8,7%-ке дейін жылдамдады. Бағаның ай сайынғы өсімі 2008 жылдан бері алғаш рет тамызда ең жоғары болды. Маусымдық тазартылған базалық инфляция, яғни көкөністер мен жемістер, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының қызметтері мен энергия ресурстары бағасының өсуін есепке алмағандағы инфляция тарихи орташа мәндерден 25%-ке жоғары болды және орнықты инфляциялық процестердің қалыптасуын көрсете отырып, 0,75% болды», - дейді Ұлттық банк басышсы. 

Оның сөзіне қарағанда, тұтыну бағасының жиынтық индексінің 51%-ін азық-түлік инфляциясы құрап отыр.

Ал бұл – жалпы бағаға қысым көрсететін фактор. 

«Азық-түлік бағасының жылдық өсуі бір айда 0,4 пайыздық тармаққа жеделдеп, осы жылғы тамызда 11,4%-ке жетті. Ет, көкөніс, май және қант бағасының өсуі байқалады. Осы тауарлардың азық-түлік компонентіне қосатын үлесі биылғы жылғы мамыр-тамызда 2,55 пайыздық тармақты құрады. Еттің қымбаттау факторларының арасында осы жылдың 7 айында жем-шөптің 25%-ке қымбаттауына байланысты әлемдік бағаның және ішкі өндірушілер бағасының өсуін атап өтуге болады. Жем-шөп дақылдарының құны ет өндірісінің өзіндік құнының 70%-ін құрайды», - деді Ерболат Досаев.