07 сәу, 2022 сағат 14:17

Елдегі гидротехникалық құрылыстардың жартысына жуығы апатты жағдайда тұр


Сенатор Сергей Ершов көктемгі су тасқыны жағдайына қатысты мәселелерді Премьер-Министр Әлихан Смайловтың атына жолдаған депутаттық сауалында көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Депутат Қазақстанда әр көктем сайын су тасқыны болатынын айтты.

«Олардың басым көпшілігі өткен ғасырдың 60-70 жылдары салынған және қазіргі уақытта физикалық және моральдық жағынан 40%-ға дейін тозған бөгеттер мен бөгеттердегі гидротехникалық құрылыстардың жай-күйі, ал кейбір жағдайларда олардың толық болмауы ерекше алаңдаушылық туғызады. Қазақстандағы гидротехникалық құрылыстардың жартысына жуығы апатты жағдайда және жөндеуді не жаңғыртуды қажет етеді», - деді С. Ершов Сенаттың жалпы отырысында. 

Сенатор ағымдағы жылдың ақпан айында Президент Үкіметке жаңа Су кодексінің жобасын әзірлеуді тапсырғанын еске салды, өйткені 2003 жылы қабылданған кодекс су ресурстарын сақтауға және оларды тиімді пайдалануға мүмкіндік бермейді. 

«Бұл мәселе бірнеше жылдар бойы Сенатта парламенттік тыңдауда, Үкімет сағатында талқыланғанын атап өткен жөн, онда ғалымдар мен сарапшылардың қатысуымен қадамдық іс-қимылдармен кешенді ұсынымдар әзірленді. Үкімет, орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жүйелі шаралар қабылдап жатырмыз деп әлденеше рет есеп берген болатын. Алайда ағымдағы су тасқыны жағдайы, атап айтқанда, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарындағы жағдай керісінше болып отыр», - деді сенатор Ершов. 

Осыған байланысты, депутат Үкіметтен су тасқыны жағдайларының алдын алуға және жоюға бағытталған ұйымдастырушылық, заңнамалық және кешенді сипаттағы қажетті жүйелі шараларды қабылдауды және Палатаның таяуда өтетін отырысында жауап беруді сұрады.