20 жел, 2022 сағат 12:17

Елдегі электр желілерінің 66 пайызы тозған – Болат Ақшолақов

Сурет: qazweek.kz

Энергетика министрі Болат Ақшолақов Үкімет отырысында электр қуатының шекті тарифін инфляция деңгейінде индекстеуді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі таңда елдегі электр желілерінің орташа тозуы шамамен 66% құрайды. Бұл ретте Шығыс Қазақстан облысында 81% асып кетті. Осыған байланысты 2022 жылы 2021 жылмен салыстырғанда технологиялық бұзушылықтар саны 183 жағдайға және өндірістік жарақат алу саны 7 жағдайға ұлғайды», - деді Энергетика министрі.

Осы орайда министрлік жергілікті атқарушы органдарға шұғыл жүйелік шаралар қабылдауды ұсынып отыр.

«Бұрын бөлінген жер учаскелерін инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету керек. Иесіз электр желілерін анықтау және оларды коммуналдық меншікке қабылдау, құқық белгілейтін құжаттарды ресімдеу және осы объектілерді энергия беруші ұйымдардың теңгеріміне одан әрі беру жұмысын жандандыру қажет», - деді министр.