Елдегі 3679 мектептің дабыл қондырғысы полиция бөлімшелеріне жалғанды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі ақпараттандыру және байланыс департаментінің бас маманы Әділ Сәрсенов ведомствоның онлайн брифингінде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жалпы, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі - Мемлекет басшысы мен ҚР Үкіметінің қатаң бақылауында. Үкіметтің бірқатар отырыстарында аталған проблема қаралды. Осы кеңестердің қорытындысы бойынша ірі қалаларда орналасқан білім беру ұйымдарының бейнебақылау жүйелерін жарақтандыру бойынша белсенді жұмыс жүріп жатыр. Бүгінгі таңда бүкіл 7 370 білім беру ұйымы бейнебақылау жүйесімен жабдықталған, оның 40 пайызы ірі қалаларда орналасқан», - дейді Әділ Сәрсенов.
Айтуынша, мектептерден келіп түскен бейне деректерді жедел басқару орталықтары мен ішкі істер органдарының кезекші бөлімдері үнемі назарда ұстайды.
«Қазіргі уақытта барлық білім беру ұйымдарының аумағындағы объектілердің сыртқы және ішкі бейнебақылау камераларын аумақтық полиция бөлімдерінің жедел басқару орталығына қосу бойынша жұмыс жалғасуда. Сонымен қатар, облыс орталықтары мен ірі қалалардың мектептері «SOS» батырмасымен жабдықталған. Оларды мамандандырылған күзет қызметіне және ішкі істер органдарына қосу бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Соңғы мәлімет бойынша, мамандандырылған күзет қызметіне мектеп ғимаратының 4 418 және полицияға – 3 679 дабыл қондырғысы қосылған», - деді ІІМ өкілі.