«Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында 16 ірі өнеркәсіп нысаны эмиссияларды 20-дан 30%-ға дейін төмендету бойынша міндеттемелер қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл жайында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Мәжіліс депутаттарының алдында мәлім етті.
«Әлемдегі геосаяси жағдай ескере отырып «Импортты алмастыру» бағдарламасы әзірленді. Тізімге, 88 мың жаңа жұмыс орнын құру мүмкіндігі бар, 444 импортты алмастыру жобасы енгізілді.
Ауылшаруашылығы өндірісі тиімділігін арттыру мақсатында 5 жыл ішінде 4,5 трлн теңгеге 934 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр», - деді Ералы Тоғжанов.
Премьер-Министрдің орынбасары бүгінде халық экология мәселесіне сергек қарайтынын атап өтті.
«Бұл бағытта экоактивистермен бірлесіп 485 іс-шараны қамтитын 17 жол картасы іске асырылуда.
Оның ішінде «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында 16 ірі өнеркәсіптік объект эмиссияларды 20-дан 30%-ға дейін төмендету бойынша міндеттемелер қабылдады.
Сонымен қатар бүгінде 204 қала мен ауданның 134-інде қалдықтарды бөлек жинау, ал 96 елді мекенде сұрыптау енгізілді.
Жалпы қалдықтарды қайта өңдеу үлесі 21%-ға жетті. Алдағы уақытта оларды кәдеге жарату үлесін 34%-ға дейін, ал өнеркәсіптік қалдықтарды кәдеге жарату үлесін 46%-ға дейін арттыру міндеті тұр», - деді Үкімет басшысының орынбасары.