Ақтөбедегі түрлі партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа Жолдауына қолдау білдірді. Олар өз пікірлерін «Нұр Отан» партиясының Ақтөбе облыстық филиалы ұйымдастырған Демократиялық күштердің «Қазақстан — 2050» аймақтық коалициясының кезекті отырысында ортаға салды.
Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» ақсақалдар кеңесінің төрағасы Еркін Құрманбек «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеу уақытында қабылданған шешім екенін айтты. Оның ойынша, өз міндетіне жатпайтын шаралардың басы-қасында жүретін ұстаздардың жан айқайы нақты заңмен реттелу қажет.
– Келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылдау қажеттігі өте орынды айтылды. Қазіргі күні түрлі шараларға, жиналыстар мен концерттерде залды толтыруға да мұғалімдерді тартады. Мұғалім беделін бұлайша аяқасты етуден бүкіл қоғам зардап шегеді. «Педагог мәртебесі туралы» заң, Елбасы Жолдауында айтылғандай, мұғалімдерді міндеттен тыс функциялардан арашалайды деп сенеміз, – деді Еркін Құрманбек.
Ал «Ербақыт» спорттық-патриоттық клубы» қоғамдық бірлестігінің басшысы, аймақтық коалицияның мүшесі Марат Қойлыбаев Елбасының әсіресе, бұқаралық спорт пен дене шынықтырудың қолжетімділігін арттыру туралы тапсырмасы көңіліне қонғанын айтты.
Өз кезегінде «Жас Отан» жастар қанаты Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Асылжан Бүркіталин Жолдауда келер жылдың «Жастар жылы» деп жариялануы жастарға ерекше серпін бергенін тілге тиек етті.
– Жергілікті бюджет есебінен жеңілдетілген ипотека бойынша алғашқы жарнаны ішінара субсидиялау мәселесі үйсіз жүрген барша қазақ жастарының жүрегіне үлкен сенім ұялатты, – деген ол «Жастар жылы» жас қазақстандықтар үшін үлкен жауапкершілік екенін айтты.
Іс-шара соңында қатысушылар Демократиялық күштердің «Қазақстан – 2050» Жалпыұлттық коалициясы мүшелері қабылдаған Үндеуді қолдады.