Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Талдықорғанға келді. Мақсаты – елдің жай-күйін көру, мемлекеттік бағдарламалардың орын-далу барысын бағамдау.
Елбасы облыс орталығындағы сапарын Көрме кешенін аралаудан бастады. Онда кәсіпкерлермен кездесті. Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов мекеменің соңғы бес жылда атқарған жұмысына тоқталып, нәтижесін айтты. Өңірде 100 мыңнан аса шағын және орта кәсіп субъектісі бар. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына келіп түскен өтініштердің 71 пайызы бизнестің пайдасына шешілген. Мұнда мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға қолдау білдіру, ауылшаруашылық кооперативтерін құру, жобаларды қаржыландыру жүзеге асырылады. «Бастау» кәсіпкерлікке бейімдеу мектебі өткен жылы 7 ауданда 1312 адамды оқытқан. Оған барлығы 1,1 млрд. теңге бөлінген. Нариман Әбілшайықовтың айтуынша, биыл аталмыш оқыту бағдарламасы 19 ауданда жүзеге асырылып, оған 3361 адам қатыстырылмақшы.
Облыс әкімі Амандық Баталов облыстың экономикалық даму, ауылшаруашылығын қолдау барысында көрсеткіштеріне тоқталды. Ауылшаруашылығы бойынша жалпы өндірілген өнім көлемі 2017 жылы 647,6 млрд. теңгені құраса, 2018 жылы 704,9 млрд. теңгеге жетеді деген болжам бар. Салаға инвестиция тарту да жыл санап өсіп келеді. Облыс басшысының айтуынша, өткен жылы тартылған инвестиция мөлшері 42,7 млрд. теңгені құраса, 2018-де 53,9 млрд.-қа жетіп отыр. Сөз арасында ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу барысында қандай шаруалардың атқарылып жатқанын сұрады. Өңір басшысы Амандық Ғаббасұлы қайта өңдеу кәсіпорындары туралы, олардың өнімдерінің сұранысты өтеудегі шама-шарқын жан-жақты айтып өтті. Соңғы жылдары ет-жүн өнімдерін өңдеуге барынша көңіл бөлініп келе жатқанын сөз етті. Мемлекет басшысы бес әлеуметтік бастамаға ерекше ден қоюды тапсырды. Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Рустам Алпысбаев виртуальді көрсетілім бойынша облыстың мәдени ошақтарына саяхат жасады. Мұражайлар, ондағы жәдігерлер экран арқылы көрсетілді. Мемлекет басшысы Шоқан Уәлихановтың мемориалды мұражайы жайлы сұрады. Рустам Әлиұлы аталмыш мәдени ошақты бейнекөрсетілім арқылы көз алдына келтіріп, жәдігерлерімен таныстырды. Елбасы бұдан кейін кәсіпкерлер кеңсесінің, кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының және бизнес инкубатордың жұмысымен танысты.
Нұрсұлтан Әбішұлы келесі кезекте Салтанат сарайына бас сұқты. Онда неке қию және жиын өткізетін залды аралап көрді. Жаңа да еңселі сарайда Елбасы журналистерге сұхбат берді.
– Облыста атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға беремін. Облыс әкімі Амандық Баталов менің берген тапсырмаларымның барлығын орындады. Соңғы 3 жылда аймақта 3 млн. шаршы метр баспана қолданысқа берілген.
Облыста бұрын қант қызылшасы, жүгері өсірілетін. Осыларды қалпына келтір деп тапсырма берген едім. Бүгінде қант қызылшасының алқабы жыл санап кеңейіп келеді. Тәтті түбірді қайта өңдеуден өткізетін кәсіпорындар да іске қосылды. Енді жүгеріні қолға алу керек. Соя, арпа өсіру керек. Бұлар осы жақтың төл дақылы. Яғни, күнкөріс көзі. Халықтың үйренген кәсібімен шұғылдануына жағдай жасаған дұрыс. Алма бақтарының алқабы кеңейіп келеді екен. Алакөлге барған сапарымда туризм мен кәсіпкерліктің қанат жайып келе жатқанына куә болдым. Ақши ауылының турист қабылдау мүмкіншілігі жоғары. Алматы – Талдықорған тасжолы жасалды. Енді сондай жол Алакөл ауданы арқылы Шығыс Қазақстан облысына тартылады. Алматы облысы шекара маңында орналасқан. Сондықтан екі ауданды қайта құрдық. Ол аудандар тұрғындарының қуанып жатқанын білемін. Құттықтаймын. Көшкен ел қайтып келуі үшін өндірісін дамытып, жұмыс беретін жағдай жасау керек.
Газдандыру қарқын алып келеді. Бүгінгі таңда газ желісі көптеген елді мекендерге таратылған. Әлеуметтік саладағы жаңалықтарға қуандым. Жалпы облыстың экономикасын 4 аудан алға сүйреп келеді. Енді, артта қалған аудандарға жағдай жасалуы тиіс. Солардың экономикасы мен әлеуметтік жағдайын жақсартуға күш салыңдар. Мектептер әлі де салыну керек. Себебі, бала саны артып келеді. Демография жақсаруда. Жалпы Алматы облысы, оның ішінде Талдықорғанда тұру – бақыт. Мұндай таза ауада тұрған адамдар сырқаттанбайды да. Сіздер бақыттысыздар, талдықорғандықтар. Ел-жұртқа амандық тілеймін. Бақытты болыңыздар, отбастарыңыз аман болсын, – деді Елбасы.
Шынымен де Талдықорғанның өзгергенін көз көріп келеді. Экономикалық, әлеуметтік жағдай жыл санап жақсаруда. Дала – жайқалған астық, мыңғырған малымен, ал қала – сәулетті ғимараттарымен ерекшеленуде.
Гүлжан Тұрсын