Нұрсұлтан Назарбаев «Силумин-Восток» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.
Қазақстан Президенті «SV» өнеркәсіптік жабдықтарды шығаратын «Силумин-Восток» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі зауытының жұмысымен танысты.
Кәсіпорын құрылыс пен инфрақұрылым, машина жасау, энергетика, металлургия, тау-кен және мұнай химиясы өнеркәсібі салаларында инжинирингтік қызмет көрсету ісіне маманданған.
Кәсіпорынды аралау барысында Мемлекет басшысына құбыр жүргізу кезінде қолданылатын арматураларды, насостық құрал-жабдықтарды, электротехникалық өнім мен блокты-модульдік ғимараттарды дайындау үдерісі таныстырылды.
Нұрсұлтан Назарбаев кәсіпорын ұжымымен де кездесіп, әңгімелесті.
Елбасы Шығыс Қазақстан облысының өнеркәсіптік әлеуеті мен даму қарқынын атап өтті.
– Өңірде өнеркәсіп саласы өркендеп, индустриялық бағдарлама аясында 46 жоба жүзге асырылды. Жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етіп жатқан кәсіпорындар салынуда. Атап айтқанда, 7500-ге жуық адам жұмысқа орналасты, – деді Мемлекет басшысы.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев кәсіпорын жұмысшыларына табыс тілеп, өндірістік көрсеткіштердің одан әрі арта беруіне ниеттестік білдірді.