15 жел, 2016 сағат 10:56

Елбасы қазақ тілінің 25 жыл ішіндегі жағдайына баға берді

- Бүгін елордада өтіп жатқан Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев егемендік жылдарындағы қазақ тілінің жағдайына баға берді, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

"Біз қасиетті қазақ тілі мен ұлттық мәдениетіміздің жаһандық гуманитарлық кеңістікке еркін енуін қамтамасыз еттік. Өздеріңіз көріп, естідіңіздер, қазақтың тілі Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының төрінен естілді. Ол ғарыштан да естілді, бүгінде интернеттің де тілі. Отандық ақпарат құралдарының басым көпшілігі қазақша шығады. Естеріңізде болса, бір кезде, Тәуелсіздікке дейін Алматыда бір ғана қазақ мектебі бар еді. Өткен 25 жылда елімізде қазақ тілінде білім беретін 1 мыңнан астам мектеп ашылды", - деп атап өтті Елбасы.

Осы орайда Мемлекет басшысы қазақтың тілі АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Қытай, Оңтүстік Корея, Мажарстан, Польша, Әзербайжан, Армения сияқты елдердің белді университеттерінде оқытылып жүргендігін жеткізді.

"Айта кетейін, бүгінгі таңда мектеп оқушыларының үштен екісінен астамы, студенттердің 60 пайызға жуығы мемлекеттік тілде білім алып жатыр. Еліміз бойынша қазақ тілін оқытатын 350 орталық табысты жұмыс істеуде",-деді Президент.

Еске сала кетейік, 2015 жылдың 29 қыркүйегінде БҰҰ БА-ның 70-ші мерейтойлық сессиясында Н.Назарбаев аталмыш Ұйымның мінберінен қазақ тілінде баяндама жасады. Мемлекет басшысы күн тәртібіндегі мейлінше өзекті халықаралық мәселелер бойынша Қазақстанның ұстанымын және оларды шешу жолдарын баяндады. Елбасы ХXI ғасырда адамзаттың ең басты міндеті әлемді соғыс қатерінен мүлде арылтатын және оның себептерін жоятын стратегияны жүзеге асыру болуға тиіс екеніне назар аударды. Сол үшін Қазақстан Президенті Біріккен Ұлттар Ұйымының жүз жылдығына Жаһандық Стратегиялық Бастама - 2045 жоспарын әзірлеуді ұсынды.