Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев парламент палаталарының бірлескен отырысында «АСТАНА ЭКСПО-2017 ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов пен «Астана» халықаралық қаржы орталығының басшысы Қайрат Келімбетов алдағы уақытта не істейтінін айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Baq.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Президент EXPO в 2017 Қазақстан үшін маңызды іс-шара болғанын атап өтті.
«Біз әлемге Қазақстанның, елордамыздың мүмкіндігін көрсеттік. Ауқымды имидждік жұмыс атқардық. Таяуда көрменің жабылуына арналған үлкен шараға қатысамыз. Халықаралық қаржы орталығына (АХҚО) бар жағдайды жасадық. Тіпті, Конституцияға өзгерістер енгіздік», - деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев қаржы орталығына берілген ғимараттардың барлығы бірден жұмыс істеп кету үшін Үкімет нақты шараларды қолға алуы тиіс екенін айтты.
«Экспоның екі ірі нысаны «Астана» халықаралық қаржы орталығына беріледі. Біреуінде Қазақстанның көрмесі тұрақты жұмыс істейді. Барлық өңір, кәсіпорындар сонда өз жетістіктерін көрсетеді»,- деп толықтырды Мемлекет басшысы.
«Ахметжан Смағұлұлы (Есімов) бәрін аяғына дейін жеткізгенше көрменің президенті ретінде жұмыс істей беруі керек. Біз қаржы орталығына тағайындаған Келімбетов бәрі ойдағыдай болу үшін жұмысты жандандыруы тиіс», - деп түйіндеді Елбасы.