Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 5 айда 4,6 пайызға дейін жеделдеді. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Осы жылғы қаңтар-мамыр айларында Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 4,6 пайызға дейін жеделдеді. Есепті кезеңде нақты сектерда тұрақты серпін, қызмет көрсету саласындағы өсуідің жеделдеуі, экспорт көлемінің жоғары өсуі байқалуда. Нақты сектордағы өсім 4,8 пайызды құрады. Қызмет көрсету саласында іскерлік белсенділік 3,9 пайызға дейін ұлғайды», - деп атап өтті министр.
Оның дерегінше, салалар арасында сауда, құрылыс, көлік және қоймалау, ақпарат және байланыс, өңдеу , тау-кен өндіру өнеркәсіптері, сумен жабдықтау, ауыл шаруашылығы оң өсім көрсетіп отыр.
«Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 2,5 пайызды құрады. Инвестициялар білім беруде – 71,7, мемлекеттік басқару мен әлеуметтік қамсыздандыруда – 55,1, ғылым мен техникалық қызметте – 35,9, денсаулық сақтауда – 27,8, жылжымайтын мүлік операцияларында – 20,4, саудада – 13,9, құрылыс саласында 10,7 пайызға өсті. Өңірлер арасында ең жоғарғы көрсеткіш Шымкент және Алматы қалаларында, сондай-ақ Ақмола облысында байқалуда», - деді Әлібек Қуантыров.