10 мау, 2021 сағат 18:30

Экспорттық тауарлар шығынын төмендетуге цифрлық шешімдер септігін тигізеді – Сұлтанов


Экспорттық тауарлар шығынын төмендетуге жаңа цифрлық шешімдер септігін тигізеді. Бұл туралы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 33-жалпы отырысында ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Экспорттық тауарлар шығынын төмендетуге жаңа цифрлық шешімдер септігін тигізетін болады. Сауда министрлігі қазірдің өзінде export.gov.kz бірыңғай экспорттық портал базасында Digital-export архитектурасын құру жұмысын бастады. Орталық Азия елдерінің сауда процедураларын жеңілдету және оларды цифрлық форматқа көшіру мақсатында Еуропалық одақпен және Халықаралық сауда орталығымен бірге 4 жылдық Ready4Trade Central Asia жобасы жүзеге асырылып жатыр», - деді Бақыт Сұлтанов. 

Министрдің атап өтуінше, жобаны жүзеге асырудың нәтижесінде трансшекаралық талаптардың ашықтығы артып, нормативтік және процедуралық кедергілер жойылады.сауда рәсімділігі сақталып, трансшекаралық электронды сауда көлемі артатын болады. 

«Сингапурлық CrimsonLogic компаниясымен ынтымақтастық аясында цифрлық сауданы автоматтандыру, оның ішінде «сұр» және «қара» сертификаттармен күрес үшін техникалық реттеу процестерін автоматтандыру мәселесі пысықталып жатыр», - деді ол.