28 ақп, 2020 сағат 15:55

Экс-министр Назарбаеваның сынына жауап берді

Бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі, Қазақстан ет одағы басқармасының төрағасы Асылжан Мамытбеков сенат төрағасы Дариға Назарбаеваның сынына жауап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Бұған дейін Назарбаева сандық және пайыздық көрсеткіштерге қарамастан, соңғы он жылда ауыл шаруашылығы тоқырауға ұшырағанын мәлімдеген еді. Айтуынша, ауыл шаруашылығының ЖІӨ-дегі үлесі 10 жыл ішінде 5%-тен аспаған, ал кейінгі жылдары тұрақты түрде төмендеп барады.

Бұл ретте кезінде ауыл шаруашылығы министрлігін басқарған Асылжан Мамытбеков үнсіз қалмады.

"Соңғы 10 жылда ауыл шаруашылығы саласы тоқырауға ұшырағаны айтылды. Бұл салада проблема жоқ деп айта алмаймын. Мәселе көп, бірақ өсім мен динамиканы жоққа шығару дұрыс емес", - деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.

Сөзінің дәлелі ретінде экс-министр бірнеше цифр келтірді.

2010-2018 жылдар аралығындағы экономика салаларының өсімі (2019 жылдың көрсеткіштері әлі шықпаған):

  • өнеркәсіп –  2,25 есе;

  • құрылыс – 1,98;

  • көлік – 1,7;

  • ауыл шаруашылығы – 2,45;

Оның айтуынша, 2010 жылы жалпы өнім көлемі 1,822 триллион теңгені құраған. 2018 жылдың қорытындысы бойынша, бұл көрсеткіш 4,474 триллион теңгеге жетті. Өсім 2,45 есе, бұл жоғарыда айтылған экономиканың негізгі салаларының барлығынан көп.

"Жалпы ішкі өнімдегі үлесі туралы мен бұған дейін жазған болатынмын: ауыл шаруашылығы секторының ЖІӨ-дегі үлесі бойынша Африканың кедей елдері алда келеді. Гвинея-Бисауда – 62%, Сомалиде –  65%, Либерияда –76,9 %. Ал жетекші аграрлық державаларда бұл саланың үлесі 2% шамасында. АҚШ-та – 1,2 %, Германияда – 0,9 %, Нидерландыда –1,7 %. Яғни, бізден де аз. Сол себепті ЖІӨ-дегі үлес ауыл шаруашылығын дамыту үшін ұмтылатын көрсеткіш емес", - деді Мамытбеков.

Асылжан Мамытбеков 2011 жылдың сәуірінен 2016 жылдың мамырына дейін ауыл шаруашылығы министрі қызметін атқарды. Жер мәселесіне қатысты толқулардан кейін отставкаға кетті.

2018 жылдың басынан бері Қазақстанның ет одағын басқарады.