Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев қамауға алынды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының өкілдеріне сілтеме жасап.
"12 қаңтарда Астананың №2 Алматы аудандық соты Қуандық Бишімбаевқа қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын шығарды", - делінген хабарламада.
Еске салайық, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы: «Министр Қуандық Бишімбаев «Бәйтерек» холдингіндегі қызметіне қатысты туындаған мәселелерге байланысты орнынан босады. Қазіргі сәтте оған қатысты тергеу шаралары жүріп жатыр», - деп мәлімдеген еді. Артынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының өкілдері ҚР Ұлттық экономика министрлігін басқарған Қуандық Бишімбаевтың ұсталғанын хабарлады. Антикоррупция қызметінің өкілдері: "Бишімбаев топ болып, алдын ала келісім жасау арқылы аса ірі көлемде бірнеше рет пара алып отырған. Заңсыз алған қаражатты Бишімбаев өз қажетіне жаратқан", - деді.