Фото: Facebook/Куандык Бишимбаев
Қазақстандық БАҚ-та және әлеуметтік желіде бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев өзінің әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен ұсталғаны туралы ақпарат тарап жатыр.
Дереккөздерде бұрын жемқорлық үшін сотталған Бишімбаев елордадағы мейрамханалардың бірінде (Bau - ҚазАқпарат) әйелін мас күйінде ұрғаны туралы жазылған. Әйел жедел жәрдем көлігі жеткенше қайтыс болған.
Астана қаласының Полиция Департаменті мейрамханада жанжал болып, салдарынан бір әйелдің көз жұмғанын растады. Алайда осы оқиғаға қатысты не күдіктінің, не көз жұмған адамның аты-жөнін атамады.
"Астана қаласы ПД Жедел басқару орталығына қаладағы мейрамханалардың бірінде келушілер арасында жанжал болып, салдарынан әйелдің дене жарақатынан қайтыс болғаны туралы хабарлама келіп түсті.
Күдікті ұсталды. Тиісті сараптамалар тағайындалды.
Оқиға орнында ПД мен Есіл аудандық ПБ жедел-тергеу топтары жұмыс істеп жатыр. Тергеу амалдары жүргізілуде" - делінген хабарламада.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес («Сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария етуге жол бермеу»), бұл қылмыстық іс бойынша өзге мәліметтер жария етуге жатпайды.
Еске салайық, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев 2017 жылдың қаңтарында жемқорлық қылмысы үшін ұсталды.
2018 жылы наурыз айында экс-министр 10 жылға бас бостандығынан айырылды.
Тергеу материалдарына сәйкес, Бишімбаев Қызылорда қаласындағы шыны зауытының құрылысына жауапты болған. Сол кезде оның інісі Сұлтан Нұрлыбек 2 миллион доллар көлеміндегі пара алуға делдалдық жасаған.
Соттың шешімі бойынша Бишімбаев мемлекеттік қызметте басшылық қызмет атқара алмайды. Өткен жылы мамыр айында аппеляциялық сот оның үкімін өзгеріссіз қалдырған болатын. Кейін оны Шымкент қаласындағы колонияға ауыстырды.
Экс-министр ұсталған сәттен бастап 2 жыл және 9 айын темір тордың ар жағында өткізді.