Фото: ©El.kz/Равиль АШЫҒАЛИ
Астана қаласында Ұлттық музейдің бұрынғы директоры Арыстанбек Мұхамедиұлының үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Сот шешімі бойынша Мұхамедиұлы 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді.
«Арыстанбек Мұхамедиұлы Қылмыстық кодекстің 28-бабы 3-бөлігі және 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын», - деді судья Бағлан Ыдырысов.
Сондай-ақ Ұлттық музейдің бұрынғы директоры осыған дейін алған мемлекеттік наградалары мен берілген атақ-дәрежелерін кері қайтарады.
«Президентке Арыстанбек Мұхамедиұлына берілген «ҚР Еңбегі сіңген қайраткері» атағы, сонымен қатар «Құрмет» және «Парасат» орденінен айыру туралы ұсыныс берілсін», - деді үкімді оқыған судья.
Экс-министр сот шешімімен өмір бойына мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қызмет атқару құқығынан айырылды.
Сондай-ақ үкімде Мұхамедиұлының дүние-мүлкі тәркіленбейтіні айтылған.
Бұған дейін прокурор Мұхамедиұлын тоғыз жылға бас бостандығын айыруды сұраған болатын.
Еске салайық, Арыстанбек Мұхамедиұлы 2022 жылдың 28 мамырында қамауға алынған.
Тергеу «Алтын адамның әлем мұражайлары бойынша шеруі» халықаралық көрмесін өткізуге, сондай-ақ «Қазақстанның ұлттық киелі нысандары мен музей қорларын жалпымемлекеттік фотограмметриялық 3D-сканерлеу» және «Қазақстан Республикасының Ұлттық цифрлық киноколлекциясын цифрландыру» жобаларына бөлінген бюджет қаражатын ұрлау фактілері бойынша жүргізілді. Бұдан басқа А. Мұхамедиұлының Мәдениет және спорт министрі лауазымында болған кезінде туыстарының және үлестес тұлғаларының меншігіне «Су және қолданбалы спорт түрлері бойынша республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебі» РМҚК, «Қазақ энциклопедиясы» АҚ және «Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты» ЖШС заңсыз беруге қатыстылығы тексерілді.