Фото: ашық дереккөз
Астана полициясы экс-дипломат Сәкен Мамашты қамауға алды. Былтыр оның әйелі 10 жылдан бері күйеуінен зорлық көріп келе жатқанын мәлімдеп, Қазақстан билігінен көмек сұрағаннан кейін бұрынғы дипломатқа қарсы қылмыстық іс қозғалған еді, деп хабарлайды Ult.kz.
"Былтыр бұрынғы елшінің кеңесшісіне қарсы әйелін тұрақты түрде ұрып-соққаны үшін қылмыстық іс қозғалған. Полиция жедел-тергеу тобын құрған. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін бірқатар қажетті сараптама жүргізілді. Айтарлықтай дәлелдемелік база жинақталды. Тергеу соты М.С-ны қамауға алу туралы шешім қабылдады" делінген хабарламада.
Былтыр көктемде бұрынғы дипломаттың әйелінің шағымы жарияланған шақта сыртқы істер министрлігі Қазақстанның БАӘ-дағы елшісінің кеңесшісі Сәкен Мамашты елге қайтарып жатқанын хабарлаған. Ізінше дипломаттың әйелі БАӘ-дан Астанаға келіп, балаларымен бірге дағдарыс орталығына орналастырылғаны хабарланды.