18 шіл, 2025 сағат 17:58

Экс-дипломат Сәкен Мамаш әйелін жылдар бойы азаптағаны үшін 6 жылға сотталды

Фото: ашық дереккөз

Астана қаласының ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотының үкімі бойынша бұрынғы дипломат, Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшінің кеңесшісі Сәкен Мамаш Қылмыстық кодекстің 110-бабы – азаптау бабы бойынша кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Ult.kz Kursiv Media Kazakhstan басылымына сілтеме жасап.

Қылмыскер жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді.

Сотта әшкереленгендей, Мамаш 2019–2024 жылдар аралығында жұбайы Каринаға психологиялық, физикалық және эмоционалдық азап көрсетіп келген. Бұл айып әйелдің және куәгерлердің жауаптары, сараптамалық қорытындылар, бейнежазба мен басқа да дәлелдер негізінде дәлелденді.

2024 жылғы мамырда Карина Мамаш әлеуметтік желіде күйеуінен он жыл бойы зорлық-зомбылық көріп келе жатқанын жариялаған болатын. Бұл видео жарияланған соң Мамаш Абу-Дабидегі қызметінен шақыртылып, 2025 жылғы сәуірде қамауға алынды.

Сот үкімі бойынша Мамаш Қылмыстық кодекстің 110-бабы, 2-бөлігі, 1-тармағы бойынша кінәлі деп табылды.

Сот үкіміне қарсы апелляциялық шағым түсіру мүмкіндігі бар, 15 күн ішінде өтініш берілуі тиіс.