Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаржы саласына жауап беретін екі бірдей министрді ауыстырды. Мұның себебі неде және жаңадан тағайындалған Қаржы министрі Мәди Тәкиев пен Ұлттық Экономика министрі Нұрлан Байбазаровтан не күтуге болады? Осы мәселелер төңірегінде ULT.KZ тілшісі экономист Бауыржан Ысқақовпен сұхбаттасқан еді.
- Президенттің қаржы саласындағы екі министрді бірдей ауыстыруының себебі неде? Не үшін президент мұндай шешімге барды?
- Осы жолы Үкіметтің құрамы өзгерді және ауысқан төрт министрдің екеуі тікелей экономикалық блокқа жауап беретіндер. Мұның өзі Үкіметтің отставкаға кетуінің басты мәселесі - экономикалық реформалардың тиімсіз жүзеге асқандығы деп бағалауға болады. Себебі, президент өзінің сайлауалды бағдарламасында, одан кейінгі жыл сайынғы жолдауларының басым бөлігінде бізге күрделі экономикалық реформаның қажеттігі туралы анық айтып берді. Бірақ осы екі жылдық мерзімде біз Үкіметтен экономикаға қандай да бір өзгерістер әкелетін реформаны көре алмадық. Мысалға президент өзінің бір тапсырмасында: «бай адамдарға және ауқатты компанияларға салынатын салық ставкасы көбірек болуы керек, қарапайым азаматтарға азырақ болғаны жөн. Сол арқылы әлеуметтік-экономикалық жағдайды, орташа жалақыны анықтауға болады» деген сияқты нақты тапсырмалар берген, алайда ол да орындалған жоқ. Сосын, «Ұлттық қордың» қаражаты арқылы бюджет тапшылығын 20 пайызға дейін жою туралы тапсырма берді, бірақ ол да іске асқан жоқ.
Бізде әлі де бюджеттің шығыс бөлігін жабудың «тиімді жолы» деп, «Ұлттық қорға» қол салып отырғанымыз, зейнетақы қорынан «Бәйтерек» Ұлттық компаниясына қаражаттының бөлінуі және басқа да қаржы көздерін тиімсіз пайдалануы сияқты мәселелер өз шешімін тапқан жоқ.
Одан кейін, сыртқа кеткен заңсыз активтердің елге қайтарылуы орта жолда қалып қойды. Оған да батыл шешімдер болмады. Сосын өндірісті дамытуға, өңірлердегі кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыспен қамтамасыз ету мәселесінде ілгерілеу жоқ. Үкіметтің ең үлкен кемшілігі деп айтуға болады; 2022 жылғы инфляцияның бұрын соңды болмаған дәрежеге өсіп кетуі, 25 пайызға дейінгі азық-түлік инфлияциясы, жалпы Республикада инфляцияның 20 пайызға жетуінің өзі Үкіметте экономикалық блокқа жауап беретін министрліктерінің олқылықтарын көрсетеді. Міне, осындай жағдайлар қаржы-экономика саласындағы үлкен белсенділіктің болуын талап етіп отыр.
- Бұрынғы «қаржыгер» министрлер қандай іс тындырды деп ойлайсыз?
- Олардың барлық атқарған жұмыстары ағымдағы бюджетті қабылдауда оны мұнаймен тікелей байланыстыра отырып, мұнайдың баррельге шаққандағы бағасы мен бюджеттің орындалуы мен орындалмауы деген сияқты күнделікті жұмыстарды ғана тындырумен айналысты.
Салық реформалары мен салық кодексінің әлі де қабылданбағаны, жалпы бюджет кодексінің әлі де қабылданбағанының өзі осы сала мамандарының жұмысы нәтижесіз екенін көрсетіп отыр.
Одан кейін, бұрынғы қаржды министрлігінің қосымша құн салығы көлемін арттыру туралы ұсынысының өзін мысалға келтірсек болады. Естеріңізде болса, оны кейін президент қолдамады. Яғни «салықтық ставкаларды көбейту арқылы бюджеттің тапшылығын жоямыз» деген мәселе де болмауы керек. Бұл экономиканы дамыту емес, керісінше тежеу болатындығын көрсетті. Ставканы көтеру арқылы экономикаға қолдау білдіре алмаймыз. Керісінше, салық кодексінде немесе жалпы фискалдық органдардың негізгі саясаты ол - шағын және орта бизнеске тиімді жағдай жасау. Адамдар кәсіпкерлікпен айналысуға құлшыныс білдіруі керек. Сол арқылы табыс табамыз, өнеркәсіпті дамытамыз және жұмыс орнын ашамыз. Ал қазіргі салық саясаты қандай? Қазір кәсіп ашатын болса, салықтармен, айыппұлдармен және тағы басқа алымдармен неғұрлым кәсіпті жауып тастау. Яғни кәсіпкерлікпен айналысу әлі де қорқыныш туғызатын дүние. Міне осы дүниелердің барлығы да реформаның дұрыс жүргізілмегенін көрсетеді.
Сосын мобильді аударымдарды бақылау деген қоғамда үлкен ажиотаж тудырды. Мобильді аударымдарды бақылау – дұрыс. Бірақ осы уақытқа дейін ақпараттық жұмыстарды, түсіндіру жұмыстары дұрыс жүргізілмеді. Яғни соны жасап жатқан адамдар халыққа шығып, әр түрлі бағдарламаларға шығып, өздері түсіндірмегендіктен, басында адамдар шошып қалғаны рас. Сол үшін де болашақта осындай мәселелер болмас үшін, қандай да бір реформа жасалуы үшін, халыққа пайдасын түсіндіріп, дәлелдеуі керек. Сонда ғана осындай дүрбелеңдердің алдын аламыз.
- Бұрынғы қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев тым көп сынға ұшырағаннан кетті деп ойламайсыз ба? Жалпы Жамаубаевтың тұсында қаржы саласы қалай дамыды?
- Жамаубаевтың тұсында қаржы саласы қалыпты дамыды. Бірақ та президент, халық ойлағандай дәрежеде болған жоқ. Өйткені сырттан келетін арзан тауарлардың көп болуының өзі инфляцияны туындатып отыр. Жалпы қаржы саласы, кіріс бөлігі салықтармен ғана емес, басқа да «Ұлттық қордың» қаражаттарымен жабылғандықтан қаржылық жүйенің әлі де үлкен реформаларды қажет ететінін көрсетіп отыр.
- Жаңа қаржы министрі болып мәжіліс депутаты Мәди Тәкиев тағайындалып отыр. Мәди Тәкиевтен не күтуге болады?
- Біріншіден, Тәкиев алдыңғы министрдің қателіктерін қайталамауы керек. Екіншіден, Тәкиев тікелей осы саланың маманы болғандықтан, қабылданайын деп жатқан бюджет кодексі мен салық кодексіне баса назар аударуы қажет. Және оны тек қана өздері ғана емес, тәуелсіз сарапшыларды, қоғам белсенділерін, кәсіпкерлерді тартып, олардың мұң-мұқтажын, ұсыныстарын ескеріп, барлығын салық кодексі мен бюджет кодексіне енгізуге жағдай жасауы тиіс.
- Қызметінен кеткен Ұлттық Экономика министрі Әлібек Қуантыров өз міндетін қалай атқарды?
- Әлібек Қуантыровтың ең басты кемшілігі халықты бір жүйеге, бір бағытқа жинақтай алатындай идеологиялық-экономикалық модельді ұсына алмауында. Яғни, ағымдағы жұмыстарды бітірумен ғана шектелді. Ал бізге қазіргі уақытта экономикадағы мәселелерден алып шығатындай өте жылдам, әрі батыл шешімдер мен реформалар керек. Осы реформаларды ұсына алмағандықтан Қуантыровтың жұмысы нәтижелі болды деп айта алмаймыз.
- Ал Нұрлан Байбазаров экс-министрден қарағанда нәтижелі жұмыс істей ме? Жалпы жаңа министр қандай жұмыстар атқаруы тиіс, қай салаға баса назар аударуы керек?
- Нұрлан Байбазаровтың алдыңғы министрлерден артықшылығы - тек қана Ұлттық экономика министрлігі ғана емес, премьер-министрдің орынбасары сияқты лауазымдарда болғаны. Яғни тәжірибелі маман. Қандай да бір реформалар кезінде өзінің ойын нақты жеткізе алатындай, талап ете алатындай болуы керек.
Одан кейін бұл министр идеологиялық бағытта мықты модель ұсынғаны жөн. Себебі оны министрден халық күтіп отыр деуге болады.
Сосын халыққа түсіндіру жұмыстары өте көп жүргізілуі керек. Елді көлеңкелі экономикадан шығуға көмектесуге және халықтың кәсіпкерлікпен қорықпай айналысуына үндейтін жұмыстар жасалынуы қажет. Яғни халықты экономиканы дамытуға ықпал ететін процесстерге белсенді қатысуына мүмкіндік беру. Бұл алдымен бірінші басшылардың қолынан келуі керек.
Яғни, қай салаға назар аударуы тиіс? Меніңше, экономиканы әртараптандыруға қарай бағытталуымыз керек. Бізде пайда әкелетін төрт-бес сектор бар. Мұнай секторына тәуелділіктен арылып, ауылшаруашылық, жеңіл өнеркәсіп, өңдеуші өнеркәсіп және мұнай-химия саласына қарай, туризм саласына қарай экономиканы бағыттауымыз керек. Яғни қазір құрылып жатқан шағын және орта бизнес ірі компанияларға қажетті аралық өнімдерді бере алатындай жағдайға жетуіміз керек.
Сонымен қатар өңірлерде кәсіпкерлікті дамытуға ықпал ететін болса, әрбір өңірдің әкімдеріне талап қою функциясы болатын болса және сол өңірлердегі өзінің спецификалық ерекшеліктерін ескере отырып, әр өңірдің өнеркәсібі дамитын болса, онда бұл министрдің нәтижесі көрінеді деп ойлаймын.