19 мам, 2022 сағат 14:13

"Эконом-класты пайдаланамыз"- Қаржы министрі

Фото: primeminister.kz

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев сенат кулуарында іссапарларға жиі шықпайтынын, дегенмен өңірлерге бару қажет болса шығын ведомствоның бюджетінен өтелетінін айтты, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Жамаубаевтың сөзінше, әрбір мемлекеттік органда іссапар шығындары қарастырылған.

"Бірден айтайын, мен жиі ұшпаймын. Бірақ қазір бізде Мемлекет басшысының әрбір министр өңірлерге шығып, тұрғындармен кездесуі керек деген тапсырмасы бар. Біз негізінен "эконом-класты" пайдаланамыз. Бірақ мен іссапарға жиі шықпаймын. Жыл басында Түркістан облысы мен Алматы облысына "эконом-класпен" ұшып бардым. Нақты сомасы есімде жоқ, біздің бюджет заңға сәйкес жасалады", - деді министр.

Оның сөзінше, бюджетте "Іссапар шығындары" деген арнайы бап қарастырылған.

"Бұл шығындар әрбір мемлекеттік органда әртүрлі... Өйткені бәрі осы мемлекеттік органда қанша адам жұмыс істейтініне және олардың функционалы іссапар процесіне қаншалықты байланысты екеніне тәуелді.

Ұшуларға келетін болсақ, мұнда бірнеше опцияға бөлу қажет. Егер бұл ұшулар жұмысқа, іссапар процесіне байланысты болса, заң бойынша барлық мемлекеттік қызметкерге ұшақпен ұшуға рұқсат етілмейді, бірақ саяси қызметкерлерге рұқсат етілгенін нақты білемін. Бірақ тек "эконом-класс" ақысы өтеледі", - деді Қаржы министрі.

Дегенмен Жамаубаевтың айтуынша, жеке сапарларға ешқандай шектеулер жоқ - Қазақстанның кез келген азаматы көліктің кез келген түрін пайдалануға құқылы.