Алматы бүгінде еліміздегі ауасы ең лас қалалардың қатарында. Экологтар осылайша дабыл қағуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Сондықтан олар қоршаған ортаға залал келтірген нысандарды анықтап, шара қолдану қажет деп есептейді.
Осы келеңсіз жағдайға арналған жиында мегаполистегі экологиялық жағдай мәселелері талқыланып, экологияны жақсартудың тиімді тетіктері қаралды. Экология саласындағы сарапшылар мен белсенділер ауаны ластау көздерінің мәселелерін көтерді.
«Зеленое спасение» экологиялық қоғамының жетекшісі Сергей Куратовтың айтуынша, қаладағы экологиялық жағдайды заң жүзінде шешу қажет. Өйткені үлкен өндірістік кәсіпорындар мен шағын бизнес иелері экологиялық–санитарлық талаптарды сақтамайды. Соның салдарынан ең алдымен адамдар зардап шегеді.
«Біздің қоғамға Алматыдағы «Қайрат» ықшамауданының тұрғындары шағымданды. Олардың үйлерінің жанынан үлкен автобус паркі ашылыпты. Бір қарағанда қалыпты жағдай сияқты. Қоғамдық көлік қалаға қажет. Мәселе мынада. Қолданыстағы заңға сәйкес, автопарк ауаны ластайтын құралдардың қатарына жатады. Сондықтан бұл тұрақ үйлерден кем дегенде 300 метр қашықтықта орналасуы тиіс. Ал бұл автобус паркі мен тұрғын үйдің арасы небәрі 10 метр. Таңертең қоғамдық көліктерді оталдыра бастағанда жан- жағын қара түтін басады. Осыған орай біз қаладағы барлық жауапты және құзырлы мекемелерге түсініктеме берулерін сұрадық. Өкінішке орай, күні бүгінге дейін мардымды жауап алмадық», - дейді Сергей Куратов.
Оның айтуынша, Қазақстанның экология туралы заңын орындау деңгейі де көңіл көншітпейді. Бұл осылай жалғаса беретін болса қаламыздың экологиялық жағдайдын қалпына келтіру оңайға соқпайды.
Шараға қатысушылар ауаның әртүрлі көздермен ластану деңгейін азайту үшін барлық бағыттар бойынша кешенді жұмыс жүргізу қажет екенін айтты.