02 ақп, 2020 сағат 12:23

Экология министрлігі Теміртаудағы қара қарды анықтауды тапсырды

Теміртаудың өнеркәсіптік кәсіпорындарындағы экологиялық жүктемелерді төмендету бойынша шаралардың орындалып жатқаны тексеріледі. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Теміртау тұрғындарының хабарламасына жауап беру кезінде мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Теміртау тұрғындары «қара қар» туралы тағы да хабарлады. Экология департаменті қаладағы табиғатты пайдалану деректері мен қолайсыз метеорологиялық жағдай кезінде өнеркәсіптік кәсіпорындардың қоршаған ортаға жүктемені төмендету шараларының орындалып жатқанын тексереді. Оның нәтижесі жұртшылыққа хабарланады», - деп жазды министр Twitter-де.

Теміртау тұрғындары қардың суреті мен видеосын әлеуметтік желілерде жариялады.

Еске салайық, Теміртауда қара қар алғаш рет жауып тұрған жоқ. Мұндай жағдай қалада 2018 жылдың қаңтарында қайталанған еді. Экологтар, метеорологтар, прокурорлар мен кәсіпорын өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобы құрылып, «АрселорМиталл Теміртау» АҚ металлургиялық комбинатында тексеру жүргізілді. Ол кезде аталған компания қара қар туралы айтып, проблеманы мойындаған еді. Компанияның пікірінше, екінші жағынан қаладағы экологияға пештің жағылуы және автомобильдердің көбеюі ықпал еткен.