ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев көршілес елдермен трансшекаралық өзендерге қатысты келіссөздер қалай жүріп жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Парламент Сенатының жалпы отырысында депутат Нұртөре Жүсіп трансшекаралық өзендерге байланысты сұрақ қойды.
«Орхус конвенциясына Ресей Федерациясы, Өзбекстан және Қытай мемлекеттері қол қоймаған. Қазақстанның трансшекаралық өзендерінің барлығының бастауы осы мемлекеттерден алады. Олар қол қоймаған жағдайда, Қазақстанның әрекеті қандай болады?» - деп сұрады сенатор.
«Расында да сіз айтқан мемлекеттер Орхус конвенциясына қосылмаған. Дегенмен біз трансшекаралық өзендердің мәселесі өте өзекті болғаннан кейін, біз бұл мемлекеттермен екіжақты қарым-қатынаста жұмыс істеп келе жатырмыз. Бұл тетік жақсы дамыған, біз осы бағытта жұмыстады нығайтамыз», - деді М. Мырзағалиев.
Оның сөзіне қарағанда, трансшекаралық өзендер бойынша Қытаймен 2015 жылдан бері келіссөз жүргізіліп келеді. Осы орайда, өзен ағынын бөлу және бірлескен режим таңдау шаралары ескерілген.
«Айта кететін жайт, Қытаймен төрт жылдың ішінде мәтіннің тек 25 пайызын келістік. Келіссөздер оңай емес. Дегенмен, Қазақстан Қытай көршілерінің арасында трансшекаралық мәселені талқылап жатқан жалғыз ел. Бұл Елбасының Қытай басшылығымен қол жеткізген келісімшартқа аясында іске асырылып келеді. Сонымен қатар, жақында Ресей тарапымен Жайық мәселесі бойынша тиісті шешім болады деп ойлаймыз, келесі жылдан бастап бірлескен зерттеу жұмыстарын жасаймыз. Атап айтқанда, Ресеймен, Өзбекстанмен арада заңнамалық база бар», - деді М. Мырзағалиев.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Ақпаратқа кіру, шешімдер қабылдау процесіне жұртшылықтың қатысуы және қоршаған ортаға қатысты мәселелер бойынша сот әділдігіне қол жеткізу туралы конвенцияға Ластауыштардың шығарындылары мен тасымалдарының тіркелімдері туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заңын қабылданды.
Осы Хаттамаға қосылу мақсаты Орхус конвенциясының ережелерімен негізделген.