07 жел, 2022 сағат 10:37

Екібастұздағы төтенше жағдай: барлық үйге жылу берілді


Екібастұздағы барлық зардап шеккен үйге жылу берілді. Бұл туралы жедел штаб басшысы - Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мәлімдеді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Желілік судың параметрлері: қысымы - 8,8 кг/см2, түзу бағытта - 83 градус, түзу және кері бағытта 56 градусты құрайды.

Энергия көзі штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Екібастұз ЖЭО қаладағы жылумен қамтуды қалыпқа келтіру үшін барлық күштерді жұмылдырып жатыр. Өкінішке орай, соңғы күндері орын алған оқиғалардың нәтижесінде болған гидравликалық режимнің теңгерімсіздігі, соның ішінде тұтынушылар мен ПИК-тердің жылу тасымалдағыштағы суды рұқсатсыз ағызуы бұл жұмысты қиындатты.

Барлық тұрғындарға шыдамдылық танытқандары үшін алғыс білдіреміз және алдағы 2-3 күнде бірлескен күш-жігердің арқасында жылумен қамту толығымен қалпына келеді деп ойлаймыз", - делінген хабарламада.

Еске салайық, 27 қарашада түнде, сағат 01:20 шамасында, Екібастұз ЖЭО-да қазандық істен шығып, он минуттан кейін тағы үшеуі тоқтаған болатын. Сол уақыттан бері қалада тұрғындар жылу жоқ екенін айтып, шағымдана бастаған. Қалада төтенше жағдай жарияланды. Төтенше жағдай жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары аяқталғанға дейін күшінде болады. Павлодар облысының прокуратурасы Екібастұздағы төтенше жағдай бойынша қылмыстық іс қозғады.

Айта кетейік, Екібастұзда барлығы 689 көпқабатты үй бар. Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына 851 адам жұмылдырылған.