26 шіл, 2023 сағат 21:55

Екібастұздағы өрттен қаза тапқан жігіт – газ құю станциясы иесінің ұлы

Фото: Павлодар облысы ТЖД

Екібастұзда автокөлікке газ құю бекетінде болған өрт кезінде қаза тапқан 17 жастағы бозбала станция иесінің ұлы болып шықты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.

"Өрт кезінде қаза тапқан 2006 жылы туған жігіт газ құю бекетінің операторы болып жұмыс істеген, ол станция иесінің ұлы екені анықталды", - деп нақтылады құтқару ведомствосының баспасөз қызметі.

Облыстық 103 қызметінің хабарлауынша, бригада қоңырау шалынғаннан кейін екі минуттан соң өрт орнында болған. Құтқарушылар жас жігіттің денесін тапқан.

Сондай-ақ 1985, 1991 және 1974 жылы туған үш әйел медициналық көмекке жүгінген.

Айта кетейік, бүгін Екібастұздағы автогаз құю бекетінде газ құйылған 4 резервуар өртенді. Одан бөлек, оқиға орнында шамамен 40 газ баллон болған.

Өрт жақын маңдағы "Фируза" азық-түлік дүкеніне өтіп, оның шамамен 200 шаршы метр шатырын, сондай-ақ су мұнарасының 20 шаршы метр аумақтағы шатырын шарпыған.