Екібастұзда төтенше жағдай режимі алынып тасталды. Бұл туралы қала әкімі Аян Бейсекин Instagram-парақшасында жариялады.
"Қалада 28 қарашада енгізілген төтенше жағдай режимі алынып тасталды", - делінген хабарламада.
Еске салайық, 27 қарашада түнде, сағат 01:20 шамасында, Екібастұз ЖЭО-да қазандық істен шығып, он минуттан кейін тағы үшеуі тоқтаған болатын. Сол уақыттан бері қала тұрғындары жылу жоқ екенін айтып, шағымдана бастаған.
Қалада төтенше жағдай жарияланған еді. Төтенше жағдай жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары аяқталғанға дейін күшінде болатыны айтылды. Павлодар облысының прокуратурасы Екібастұздағы төтенше жағдай бойынша қылмыстық іс қозғады.
Төртінші күні ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов жұмыс сапарымен Екібастұз қаласына барды. Ал 1 желтоқсанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әбілқайыр Сқақовты Павлодар облысының әкімі лауазымынан босатты. Сқақовтың орнына Олег Крук Павлодар облысы әкімінің міндетін уақытша атқарушы болып тағайындалды.
Ал, кеше бұл орынға Асайын Байханов келді.