10 қаз, 2023 сағат 13:33

Екібастұзда күйеуін пышақтап өлтірген әйелдің жазасы кейінге шегерілді

Сурет: egemen.kz

Екібастұз қаласында күйеуін пышақтап өлтірген дәрігер әйел 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Бірақ алқабилер жазаны өтеу мерзімін кейінге шегеруге шешім қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Жазаны неге шегерді?

Сотта дәрігер әйел қажетті қорғану шегінде әрекет еткенін алға тартып, өзін ақтауды сұрады. Бірақ алқабидің оның Қылмыстық кодекстің 106-бабы, 3-бөлігі (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан әрекет) бойынша кінәлі деп таныды.

Жаза тағайындау кезінде сотталушының алғаш рет қылмыстық жазаға тартылып отырғаны және оң мінездемесі ескерілді. Қолында сәбиі де бар. Бұдан бөлек, қайтыс болған күйеуінің мінез-құлқы назарға алынды. Ол алкогольдік масаң күйде жүкті әйелін бірнеше рет ұрған.

"Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, жаза тағайындау кезінде ҚК-нің 55-бабының 4-бөлігі қолданылып, А.-ға 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", - делінген ресми хабарламада.

Сотталған әйел 2023 жылы туған баласын тәрбиелеп отыр. Осыған байланысты үкімді орындау 5 жылға кейінге шегерілді.

Оқиғаның мән-жайы

Тергеу материалдарына сәйкес, 2023 жылы 8 мамырда сағат 04:55 шамасында Екібастұз қаласындағы 25 бөбекжайдың кіре берісінде ер адам жүктіліктің соңғы кезеңінде жүрген әйелін мойынынан және қолынан ұрған. Осыдан кейін әйел кетіп бара жатқан күйеуінің арқасына пышақ сұққан. Ер адамның сол жақ өкпесінің жоғарғы бөлігі зақымданған. Ол алған жарақатынан қайтыс болды.

Бас кезінде Екібастұз қалалық полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің 99-бабы, 1-бөлігі (Адам өлтіру) бойынша тергеуді бастаған. Сол кезде жауапқа тартылған дәрігер әйел Президентке бейнеүндеу жолдап, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, қайтыс болған күйеуімен 4,5 ай бойы некеде тұрған. Осы уақыттың ішінде ер адам оны талай рет ұрған. Полицияға да хабар берілген. Бірақ үйіне қайтып келген күйеуі алған бетінен қайтпаған.

"Тура сондай бір оқиғадан кейін ол пышақ ала жүгірді. Мен пышақты алып қойдым да, қаша жөнелдім. Бірақ ол тағы маған жұдырық жұмсады. Сол кезде мен қорыққанымнан аффект жағдайында пышақпен бір ұрдым. Өкінішке қарай, ол қайтыс болды", - дейді әйел.

Сотта алқабилер адам өлтіру бабын абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру әрекетіне ауыстырды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.