видеодан алынған кадр
Екібастұздағы көшелердің бірінде апат болды. Жылу трассасындағы жөндеу жұмыстары кезінде тығын ашылып кетіп, су жолға ақты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Жол бойындағы қайта жөндеуден өткен аумақты толығымен су басқан. Әлеуметтік желілерде коммуналдық апаттың видеосы тарап жатыр.
Екібастұз қаласы әкімдігінің мәліметінше, 18 мамырда сағат 06.30-да Мәшһүр Жүсіп көшесі бойында диаметрі 820 миллиметр болатын ТМ-2 реконструкцияланған учаскесінің тығынында зақым анықталған.
"Қазіргі уақытта учаске ажыратылды, жою бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мердігер ұйымның "Екібастұзтеалоэнерго" ЖШС жөндеу персоналы жұмысқа тартылды, жұмыстарды аяқтаудың жоспарланған мерзімі сағат 14.00-ге дейін", - деп жауап берді Екібастұз әкімдігі өкілдері.
Ал Павлодар облысының әкімдігі параллельді траншеялардан суды сору жұмыстары жүргізіліп жатқанын, одан кейін жөндеу жұмыстары жалғасатынын қосты.