14 ақп, 2024 сағат 10:35

Екібастұз, Павлодар және Астанада қарақшылық шабуыл жасаған қылмыстық топ ұсталды


©️ polisia.kz

Тұрғын үйге қарақшылық шабуыл жасаған қылмыстық топ ұсталды, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Бес күдікті уақытша ұстау изоляторында қамауда.

"Бір мезгілде Екібастұз және Павлодардың өзінде павлодарлық әріптестермен бірге төрт адамды ұстадық. Бесінші сыбайласы елордада ұсталды. Тұрғын үйге заңсыз кіру арқылы жасалған қарақшылық шабуыл дерегі бойынша соталды тергеп-тексеру басталды. Қазіргі таңда барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр", – деді Қостанай облысы ПД бастығының орынбасары Негмет Исмагулов.

Қаңтардың басында Қарасу ауылында медициналық бетперде киген белгісіз тұлғалар жергілікті тұрғынның үйіне кіріп, зорлық-зомбылық көрсетіп, оған дене жарақаттарын салған.

"Одан жалпы сомасы 650 мың теңге тұратын алтын бұйымдарын тартып алған. Ұсталғандардың басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр", - делінген хабарламада.

Күдіктілерге ауыр қылмыс жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, жеті жылдан он екі жылға дейін бас бостандығынан айыру қаупі төніп тұр.