06 жел, 2022 сағат 14:40

Екі жүзден астам әлеуметтік нысан жекешелендірілмейтін болды

© Sputnik / Владислав Воднев

Әлеуметтік маңызы бар 200-ден астам нысан жекешелендірілетін объектілер тізімінен алынып тасталды. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Айтуынша, мемлекеттік монополистердің орнына жеке монополистердің пайда болуына жол бермеу мақсатында коммуналдық шаруашылықтарды жекешелендіру тәсілі қайта қаралды.

"Көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету және сапасының нашарлауын болдырмау үшін жекешелендірілетін объектілер тізімінен жергілікті табиғи монополиялар нысаны болып табылатын және халықтың тіршілігін қамтамасыз ету үшін маңызды 200-ден астам әлеуметтік маңызы бар объекті алынып тасталды. Осылайша, бұл объектілер мемлекеттің меншігінде қалады", - деді Қуантыров Үкімет отырысында.

Министр алдағы уақытта мұндай объектілерді жекешелендіру туралы мәселе тек инвесторлар тарапынан мемлекет мүддесін ескеретін шарттармен келіскен жағдайда ғана қаралуы мүмкін.

Осылайша, Мемлекеттік мүлік тізілімінде "Табиғи монополиялар субъектілері" деген жаңа бөлім пайда болады. Бұл бөлімде жеке инвесторлар инвестициялық бағдарламасын ұсына отырып, нысанды сатып алуға өтінім беру мүмкіндігі көзделеді.