Олардың екеуі де Төлеби ауданының тұрғыны. Кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімге жыныстық қол сұғушылыққа қарсы баптарда көзделген қылмыс жасаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, пробациялық бақылауға алынған азаматтың бірі - 16 жастағы қызды алып қашқаны үшін сотталған. Қазір жас келіншегі босанып, ұлды болып отыр.
«Мен кәмелет жасына толмаған қызбен отау құру заңға қайшы екенін енді түсіндім. Екеуміздің келісіміміз бойынша үйленген жағдайда заң алдында жауап бермейтін болармын деп ойлағанмын. Сот жүктеген жазамды бұзбай өтеп шығуға тырысамын. Кішкентай ұлыма үлгілі әке болуды армандаймын. Келесі жылы әйелім 18-ге толады. Сол кезде екеуміз некемізді қидырамыз. Өз әйеліңмен бірге тұрып, педофил атану қиын екен», - дейді жазасын өтеуші.
Қазір Шымкент қаласы мен Түркістан облысы бойынша сотталып, пробациялық бақылауда тұрған азаматтарға тағу үшін 91 электронды бақылау құрылғысы әкелінді. Мамандар олардың бірінші кезекте педофилдерге тағылатынын айтады.
Сонымен қатар, бұл тізімге пробациялық бақылауда тұрғанына қарамастан, көп ескерту алғандар мен тәртіпке бағынбағандар енгізіледі. Қылмыс жасағаны үшін іздеуде жүргендер ұсталған жағдайда, оларға да осы білезіктер тағылмақ. Мәселен, Шымкентке пилоттық үлгідегі құралдың 49 түрі әкелініп, 4 ауданға бөлінген. Ал, Түркістан облысына қарасты 16 пробация бөлімшесіне 42 электронды білезік берілген. Бұл электронды білезіктер сотталғандарды бақылауға септігін тигізеді.