Ауа райының нашарлауына байланысты екі өңірде бірінші ауысым үшін сабақтар тоқтатылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Атап айтқанда, Шығыс Қазақстан облысының Өскемен (-28 градус аяз) мен Семей қалаларында (-23 градус аяз), Алтай, (-30 аяз) Бородулиха (-32 аяз) және Ұлан (-28 аяз) аудандарында, Курчатов қаласында (-23 аяз), сондай-ақ Жарма ауданының (-30 аяз) Жаңғызтөбе, Шуақ және Жарық ауылдарында 1-4 сынып аралығында сабақтар болмайды.
Ал Шемонаиха, (-27 градус аяз), Көкпекті (-30 аяз), Бесқарағай (-28 аяз) аудандарында және Риддер қаласында (-27 аяз) 1-9 сынып оқушылары мектепке бармайды.
Зайсан ауданында көктайғаққа байланысты 1-11 сыныптар үшін оқу процесі тоқтатылды.
Сондай-ақ Қарағанды облысының Шет ауданында 0-4 сыныптар оқымайды.
Айта кетейік, синоптиктер бірнеше өңірде ауа райының бұзылатыны жөнінде ескерту жариялаған болатын.