13 ақп, 2018 сағат 09:25

Эфирдегі еліріс, сахнадағы сапалақтық

Өткен жылдың соңғы екі айында дәрігерлер «ескірген» екі көзімді «жаңартып», оқу, жазу дегенді уақытша ұмыттырып, жаңа жылдың екінші аптасында ғана (кілең «екі» болғанын!) қаламыммен қайта табыстым. Әрине, анау  мерзімде қарап жатпадым, алақандай радиоқабылдағышым бар еді, соны  құлағыма ертеңді-кеш жапсыруды әдет еттім. Әуе толқынында пәлен   де түглен атаулы радио шіркіннің  көдедей көп екенін, бұрында тыңдап жүрмеген соң, білмейді екенмін, немерем айтқан соң, - өй, түгендеуге кірістім-ау...

Маған бірінші минөтте бұйырған толқында әлдебір әйел шыңғырып, бірдеңе деп жатты. Оның үздіккен дауысын естіртпейін дегендей-ақ, әлдекім қаңылтыр бірдеңені қаңғырлатып-даңғырлатып әлек. «Бұл не пәле?» деп мен аң-таң.  Енді бір сәтте әлгі әйел шаңқылдап тақпақ айтып, барабан дүңкілдеп жөнелді. Одан соң тақпақ шиқыл сөзге айналып, әйел ауық-ауық баж-бұж  етіп, қайтадан шыңғырды, қайтадан тақпақ айтты. Қаңғыр-даңғырға тарс-тұрс дауыс қосылды. Ештеңені ұға алмай: «е, теледидардың бағдарламаларын іздеп отырғанымда көріп қалғанымнан жаба қоюым тез болатын әлгі бір  шетелдік есірік-құтырық әнші-бишісымақтардың «концерттерінің» радиодағы егізі екен ғой?!» деп, басқа толқынға  қарай аяңдадым. Онда да сондай алқын-жұлқын, ию-қию болып жатыр, бірақ ондағы  «тақпақтың» кейбір сөздерін түсініп, «ресейлік жұлдыздардың концерті» деп долбарладым (сахналарға «жұлдыз» жауып тұрған заман). Алайда оларға да жүйкемді шабақтатпау үшін өзіміздің қаракөздердің концертін іздедім. Радиотолқындар  да іргелес болады екен, қасқағымда табылды, - жігіттің ойнақы орташа дауысы : «қара  торғай, торғай, торғай, қара, қара, торғай, торғай, қара торғай, торғай, торғай, қара, қара...» деп сампылдап тұр, - әй, кемінде  отыз рет айтқан шығар. Өйдә-ә-ә!.. Оның әлгі «музыкалық сүйемелдеуі» дегенің -  таңқылдақ, тоңқылдақ, дүңкілдек аспаптардың даңғаза «сайысы»... Астапыралла!.. Марқұм Ақан серінің «Қараторғайын» «Қаратоқылдаққа» айналдырып жіберген бе?!.

Одан арыға ыршып кетіп: «дуду, дуда, дудар, дудар, дуду-дуду, и-и-и... дудар-арри-и-и...» деген у-дуға тап болдым. Оның «музыкасы» да шекемді солқылдата жөнелген соң, қайтейін, іштей: «Өй, өңкей шуылдақ-дуылдақтар!» деп, радиоқабылдағышымның құлағын және бір бұрап қалып едім, демі үзік-үзік шыққан бір жігіт: «қосыла алмадым, алмадым, жаным, бақытым, сағынып жүрмін, сағынып, жаным, арманым, сені, сені іздеймін, шыдаймын, шыдаймын, қашан келесің?!» деп зарлап тұр. Барабан дүңк-дүңк, дүңк-дүңк, әлдебір аспап шиық-шиық, шиық-шиық... Одан арғы арнада «әнші» қыз-келіншектердің біреуі: «сағындым, жаным, шаршадым, тосамын, қайдасың, тағдырым, бақытым, сағындым, сағындым! Сен неге келмейсің?» деп шыңғыра сарнап жөнелді. Қабаттаған бес-алты жез табақты темір шыбықпен сабалағандай сұрқылтай дауыс өршіді.

Сондай «концерттің» бес-алтауын  адалап  шықтым. Олардың  қайсысы Американікі, қайсысы Еуропанікі,  қайсысы Ресейдікі, қайсысы қазағымдікі екенін айыра алмадым. Бәрінің әуендері де, дауыстары да, асай-мүсейлері де бір мекиеннің шібилері сияқты. Қабылдағышымды дереу қаңтарып, диваннан тұра бергенімде мектепке баруға киіне бастаған немерем: «О не, ата, андағыны тыңдаудан жалығып кеттің бе?» деді. «Шаршап кеттім. Қаңылтыр шелекті түйгіштегендей ме, тепкілегендей ме, бос бөшкені домалатқандай ма... қайдағы бір албасты дауыстар. Әншісымақтардың шырылдағандары, қырылдағандары. Қалайда қосыла алмай сорлап қалған  байғұс қыз-жігіттердің зарлағандары. Басым әңкі-тәңкі болды. Енді тыңдамаймын!» дедім.  Немерем мырс етіп: «Дұрыстарын кешке тауып беремін, «Шалқар радиосы», «Қазақ радиосы» деген арналар бар, қазақтың ән-күйлерін береді. «Классика радиосы» деген бағдарлама бар, ол дүние  жүзі сазгерлерінің ең жақсы шығармаларын береді, мен соны ұнатамың, жалықтырмайды, шаршатпайды, рахаттана дем аласың» деді.

Немерем шығып кеткен соң, екі қолым алдыма симаған басым, радиоқабылдағышты тағыда ермек ете тұрмақ болдым. «Аузын» ашып қалып едім, уәй, мені тосып отырғандай-ақ: «Ендігі тыңдайтындарыңыз –  Ақан серінің «Балқадиша» әні» дегені. Әп, бәрекелді!

«Дегенде Балқадиша, Балқадиша,

Бұралған белің нәзік тал, Қадиша.

Сексен қыз серуенге шықсадағы,

Ішінде шолпан жұлдыз, жарығым, сен, Қадиша.

 

Бұрында асау тайдай жүрген басың,

Қаларсың біздің сөзге, қарағым, зар Қадиша.

Бір емес, екі жеңгең келіп отыр,

Рұқсат бізден сізге, жанарым, бар Қадиша.

           

Дегенде Балқадишам-оу, Балқадиша.

Күйеуің сексен бесте шал, Қадиша.

Кетті деп Балқадиша естігенде,

Тауында Жыландының құшақтап қара жерді, еңіреп жылағаным.

Еңіреп жылағаным, жаным Қадиша!» деп боздады «әнші» жігіт.

Мәссаға-а-ан!.. Радиомның үнін өшіре салдым. Ойпырым-ау, мынау неткен сұмдық?!. Мыналар Ақан серінің аруағынан аттай берді ғой?! Әнеубіреуі «Қараторғайын» қақпақыл етіп еді, мынаусы одан да сорақы! Құдай-ау, түпнұсқаның шумақтарын алмастырып, тармақтарын туталақай етіп, өз төтесінен: «шолпан  жұлдыз  жарығым... қарағым... жанарым... қаларсың... оу...  жаным»деген сөздерді тықпалағаны бейбастақтық емес пе?!

«Әншінің» жекеменшік жаттанды сөздері былай тұрсын: «құшақтап  қара жерді, еңіреп жылағаным, еңіреп жылағаным», одан кейінде: «құшақтап құзжартасты жылағаным»  дегендерін қосып екіленгені несі?!.

Қадишаның  айттырып қойған басқаға кеткенін естігенде қыздың дала тәртібіне еріксіз бағынғанын бұрынырақта өзінен естіп білген, қарсы жасар әрекеті қалмағанын мойындап, іштей түңіле қоштасып жүрген Ақанның қандай күйге түскеніне бір сәт ой жіберсек, үйдегі Ақанның төсекке сұлап жата кетіп, «құшақтап құсжастықты жылағаным» дегені (түпнұсқасы) жігітке де жат қылық емес, бірсәткі күйінішті сезім  көрінісі. Оны, сірә: «жігіттің төресі Ақан серіге өйту жараспайды» деген арзан оймен: «құшақтап қара жерді», немесе: «құшақтап құзжартасты» деп өңдеу – парықсыздық. Сонда Ақан үйден атқып шығып, етбетінен түсіп, жер тепкілеп, әлде тауға далұра жүгіріп барып, жартасты құшақтап, зареңіреуге  тиіс пе еді?.. Тағдырмен тәжікелесуді қаламаған Ақан:

«...Қызы едің Ыбырайдың, Балқадиша,

Боларсың біздің сөзге зар, Қадиша...»

-деп қоштасуға әуелде-ақ мәжбүр болмап па еді?

Соңғы жылдары қазақтың авторы белгілі немесе белгісіз көне әндерін кейбір «әнші» өзіне керегінше «өңдеп» айтатын «өнер» шығарып жүр: «ескі» ән әуенінің бір тұсын созады, бір тұсын келтелейді, ал кейбір әннің екі тармақты не төрт тармақты қайырмасын, тіпті тұтастай әннің өзін үш-төрт рет «құйқылжыта» қайталайтын әдет те шығарған. Қайсыбір «сазгерлер» болса, әлгі «ескі» әндердің төрт-бесеуінен «жаңа» ән, ал қайсыбір «ақындар» болса, «ескі» өлеңдерден «жаңа» өлең тудыруға төселіп, анығында – дәндеп  алды. Солардың соңғы жылдардағы «шығармалары» арзан қалжа,   мол олжа болып кетті.  Домбыра, қобыз, сырнай ұмытылған. «Еуропалық» аспапты оркестрлері өршелене қиқулап, құлақ тұндырады. Кейбір  әрі  «ақын», әрі «сазгер» мықтылар  гитарасын  өлермендене сабалап, барылдап-дарылдап зықыңды шығарады. Қалыптаса бастаған ондай оспадарлықты өрістетпеу керек, ол  үшін Мәдениет министрлігі танымал әншілер мен сазгерлерден, ақындардан өнер ұжымын құрса, олар анау толып жатқан арналардағы  айқай-сүренді   тияр еді.

Айтпақшы, кешегі Кеңестік дәуірде, иә, Мәдениет министрлігімізде «Көркемдік кеңес» болған. Ол жаңа ән-күйді  тыңдап, биді   көріп, әрқайсының авторлық тың өрнек-бояуы, яғни әуен-ырғағы болуын күйттейтін, өлеңдердің әнге лайық болуын талап ететін, сазгерге де, ақынға да  «жиендік жасауға» жол бермейтін. Сол аса маңызды шара тәуелсіздігімізден кейінде керек болмай қалды. Егер бұл өнер саламызда бағдарлама иесі мен «дарынды өнерпаз» бүгінгідей «өзіміз  білеміз!» деп ымдасып кете берсе, 5-10 жылдан соң: «Көзімнің қарасы» «Көзімнің аласы», «Жанбота» «Жай Бутя», «Сұрша қыз» «Сүбелі қыз», «Қаракесек» «Қаратөсек», «Арыстың  жағасында» «Есілдің  жағасында»... болып тынар.

«Көркемдік кеңестің» жоқтығы біздегі телеарналардың да бәріне бағдаршамның «жасыл көзін» ашып, көшесін кеңітіп қойды. Шетелдіктері, ресейліктері, өзіміздікі бар, ұзын саны жетпістен асып кеткен арналардың, меніңше, бестен бірінен ғана: дені дұрыс концерт, кинофильм, табиғат құпиялары туралы деректі түсірілім көре аламыз. Қалғандары, күнде көріп, күпті болып жүргеніміздей: ышқынған, күңіренген, тақ-тұқ сөз тізген «әндер», есірік-құтырық билер, қан-жоса қырғынды жаугерлік фильмдер (боевиктер). Солардан қазаққа ешқандай ғибрат  жоқтығын біле тұра, Мәдениет және спорт министрлігі қаңсықтан таңсық жасап, сатып алып, өз тілімізге аудара қоюға құмар-ақ. Әсіресе ресейлік телебағдарламалардың қожайындары, сірә, біздің сол саладағы үлкен-кіші қожайындарды мәңкілдетіп мақтап, қымбатқа сатып алуға көндіретін болса керек, көшіріп көрсету етек алып кетті.  Қылаяғы бізде: ауру-сырқат, дәрі-дәрмек, еркек, әйел жыныстылардың мәселелері, тағы басқаны білетін, дұрыстап айтып, кеңес беретін  дәрігер  жоқ дерсің.

Жалпы біздің телерадио  бағдарламалардан қоғамымыздағы төзгісіз құбылыстарды: жұмыссыздық, парақорлық, жемқорлық, алдау-арбау, ұрлық-қарлық, көзбояу, өтірік-мақтанды малдану, үсті-үстіне үдеп тұрған қымбатшылық... сияқты  жәйттерді айту жоқ («КТК» телеарнасынан ара-тұра көріп қалатынымыз болмаса). Жастар тәрбиесі ұмытылды дерлік, Жастар ұйымының «белсенді» жұмыстарының «нәтижелерін» биліктің кейбір «бүкілхалықтық» шаралары, ресми мерекелер алдында ғана көреміз. Оның есесіне: «Елбасымыз анық айтып бергендей», «Елбасымыз талап еткендей», «Елбасымыз жолдауында атап көрсеткендей» деп бастап лепіргенде, шетінен білгіш-көргіш, пысық та шешен. «Қазақстан экономикасының  даму  қарқыны ерекше екпінді!» деп көсілгенде көрпе шақ  келер емес. Ал сол қарқын қарапайым көпшіліктің тұрмыс-тірлігінен неге байқалмайды? Үстіміздегі киіміміздің, алдымыздағы асымыздың арзандағанын көре алмай келе жатқанымызға 26 жыл.  Мұндай хал-ахуалдың «рухани жаңғыруымызға»  қатысы, кедергісі  жоқ  па  әлде?..      

Қазекем: «Қол сынса – жең ішінде, бас жарылса – бөрік ішінде» деген. Орыстарда: «Не выносить сор из избы» деген бар, бірақ ресейлік қайсыбір телеарналар, мәселен:  «Пусть говорят», «Прямой эфир», «Говорим и показываем», тағы басқалар «избаның» есік-терезесін жұлып тастап, ішіндегі «сорды» сыртқа лақтыруға құлшына кірісті. Өз басым олардың әлдебір отбасылардың, ағайындылардың, дос-жолдастардың, көршілестердің өзара дау-жаңжалын, ұрыс-таласын миллиондаған көрерменнің алдына шығарып, сөзбен қырқыстыруларын не біреулер әдейі ұйымдастырған, не бағдарлама иелері өз арналарының атын шығаруды, ақшаның астында қалудың оңай, арзан жолы еткен арандатушылық деп білем. Бір ғана мысал: олар атақты актер Армен Джигарханянның ойсыздықпен жасаған жаңсақтығын – жас қатын алып, ақырында одан көресінін көріп, соры қайнап қалғанын үсті-үстіне қыздыра айхойлап, ойхойлап айтып, көрсетіп  жатқалы бір ай болды. Ол даңғаза оқиғаны талқылау, қақ жарылған екі «команданы» айтыстыру-тартыстыру  Ресей Федерациясының  мүддесін қорғауды, өнер қауымының  абыройын сақтауды көздегендік пе? Жоқ, ол – «атың шықпаса, жер өрте», «бірің өліп, бірің қал!» масқарашылдық! Біздің телеарналар оған да еліктеп-солықтап, «көшірме жасау» жарысын ашса, рухымызды «жаңғыртудың»  шаңы сонда аспандап шығады.

Иә, еліктеу-солықтауға, кешегі пионерлерше айтқанда: «Әрқашан дайынбыз!». Мәселен, бұдан он  жыл бұрын Батыс жақ  қыз-қырқындар көкшіл жарғақ шалбар («джинсы» – теңізші-балықшының су өткізбейтін арнаулы шалбары) киіп, тыртиып, быттиып жүретін «мода» таратты. Ол «ғасыр жаңалығы» іле-шала бізде де жетті.  Одан кейін жаз бойы тылтиған кеудеше киіп, белді ашып жүру, шалбардың балақтарын бес-алты жерінен жұлмалап тесіп, «желдетіп қою» шықты. Қазақ текті қыздарға әсте жараспайтын ол сорақылық телеэкрандар мен театр сахналарымыздың «сәніне» айналып, оған қоса сахналарымыздың төрі (фоны) бытықы-шытықы алабажақ «көркем көріністерге» толып бара жатқанынан шошынып,  2015-жылы наурыз айының 20-сы күні Мәдениет және спорт министрі А. Мұхамедиұлына «Жас алаш» гәзеті арқылы «Қазақ сахнасының сырқаты» деп ашық хат жазып, болып жатқан жөнсіздіктерді білгенімше мәлім еттім. Одан жауап күттім, бірақ «жүйріктің түбін берік...» ала алмады, министр мыңқ етпеді. Енді сахналарға шашын шашып тастаған, омырауын ашып тастаған әнші-биші бикештер тола бастады. Содан кейін ары-бері ойланып, жалпы билікке, оның ішінде министрге сөзі өтетін бір кісі болса, ол құрметті Бибігүл Төлегенова деп, Бибікеңе сол гәзет арқылы желтоқсан айының 12-күні «Сахна сорасы, телеарна «додасы» деп хат жолдадым. «Маған жауап жазбай-ақ қойғайсыз, министрмен сөйлескейсіз» дедім. Бибікеңнің әсері шығар, жарғақ шалбар, желікті кеудеше «сахнадан кетті», қыз-келіншек әншілер ұзын көйлек киетін болды, бірақ етектің «салмағы» басып кетсе керек, омырау ашық күйінде қалды, тіпті бір иығын жалаңаштап шығатындар пайда болды.

Америкадан ба, басқасынан ба, әйтеуір, Батыс жақтан тағы бір «ғажап жаңалық» келіп жетті бізге. Ол – әйелдердің шашты сарыбалшық түске бояғаны. Сол-ақ екен, біздің кәрі-жас бикештердің  қазақы қара шаштары саудыраған сабан шашқа айналып кетті. Қазақ телеарнасын ашып қалсаң,  ондағы қыз-келіншектердің сиқы былайша:  ұзынды-қысқалы саудыраған сабан шаш; қара қарындашпен сызып қойғандай қассымақ; қабақ асты не күлгін, не жасылтым бояулы; көздерінің жиектері қара бояумен шеңберленіп, көз байғұсты құдды тесіп шығарып қойғандай; кірпіктеріне  қайқиған жасанды кірпік  жалғанған; еріндері шиқандай. «Америкадан қалмау керек! Еуропадан қалмау керек!..». Егер бұл «әйәй» әнші-бишілеріміздің маңдайлары мен мұрындарына шыбын-шіркейлердің суретін салып, құлақтарын түрлі түске бояп қойса, бала тұрғай шалды шошытатын құбыжық болар еді. Сөйтіп, Қазақстан «аруларымен де әлемге танылар» еді.

Иә, Қазақстанның «әлемге танылуында қапы жоқ». Бір көзі биліктің табағында болатын гәзеттерді шолсаң: «...бүкіл әлем біздің экономикалық жетістіктерімізге қызыға көз тігіп отыр». Ал, егер жаңылыс естімесем, президент Н.Назарбаев мырза бір сөзінде ағылшын тілін меңгермейінше Қазақстан экономикасы дами алмайды дегенді айтыпты. Демек, біздің елге «бүкіл әлем қызыға көз тігіп» отырса, біз ағылшын тіліне судаймыз! Олай болмағанда ше?! Білім және ғылым министріміз Е.Сағадиев тағына отырғызылып, портфелін құшақтатқан күннен бастап ағылшын тілінің жоқшысы болды ғой?! Мектептің 1-сыныбынан бастап ағылшын тілін оқыту арманына қолы жетті. Енді «орта мектептерде негізгі пәндерді ағылшын тілінде жүргізу» ойын оңтайлауда шығар. Оның «негізгі пәндері» не екені әзірше жұмбақ.  

Е.Сағадиевтің көпе-көріне солақайлығына көпшілік ә дегеннен қарсы болды. Мектеп есігін алғаш ашқан балаға шет тілін оқыту – оны Ана сүтінінің құнарынан айыру, қазағымша айтқанда: «уызға жарытпау» дедік. Тіл білімінің көрнекті маманы академик Рәбиға апай Сыздықова бастаған ғалымдардың бір тобы министрдің ұстанымы қате екенін ашық айтты да жазды да, бірақ ол наразылықты тұтас билік  те, жеке министр де елемеді, - терісбағушыларда да  ұйымшылдық болатынын кім білген!

Байлықтың соңына түскен капиталистік елдердің өзінде, әлбетте, Англиядан өзгелерде, шәкірттерге ағылшын тілін 1-сыныптан оқыту жоқ. Экономикасын дамытуға бел шеше кіріскен Қытай елінде ағылшын тілі бастауыш сыныптан кейін ғана оқытылады, сөйте тұра ол ешкімнен кейін қалған емес, дүние жүзіндегі ең бай делінетін АҚШ-пен үзеңгілес.

Бүгінде экономика тіліне айналған халықаралық ағылшын тілін меңгеру, әрине, қажет. Алайда, оны 7-сыныптан енгізсек те жететін еді, орта мектепті, жоғару оқу орнын бітірудегі 7-8 жыл ішінде шәкірт-студенттеріміз ағылшын тіліне қоса басқа да халықаралық тілдерді еркін меңгеріп алар еді. Осыған жүгінудің орнына біздің билік, министр Е.Сағадиев 1-сыныптан бастап шәкірттердің миын ашытуды: «білімділігіміз, тапқырлығымыз, заман талабын болжағыштымыз» деп білетін сияқты. Мұндайда табыла қалатын «жеңгетайлар»: бізге ағылшын тілі ауадай қажет; балаларымыз ағылшын тілін құмарлана үйреніп жүр; екітілділік – өмірдегі жетістіктеріміздің кепілі; ағылшын тілін 1-сыныптан бастап оқытуды қолдауымыз  керек... тәрізді ойсыз, орынсыз мадақтауды жалаулатып әкетті.

Тілбезегіш «жеңгетайлар», әдеттерінше, президент Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» жолдауын жүзеге асыруда Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедұлы, Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев көп жұмыс атқаруда, А.Мұхамедиұлы киномызды әлемге танытуды қолға алды деп те жатыр.

Рухани жаңғыруымыздың осы екі министрліктен басталмағы түсінікті, бірақ сахналарыздың, телерадио арналарымыздың басым көпшілігінде қазақ рухының бар-жоғын бажайлай алмай отырған  министрдің рухани жаңғыруды кинодан ғана тапқаны жеткіліксіз болмақ.

Қазақ тілін 1-сыныпта-ақ  ағылшын тілімен шалаптаған министрдің жалпы қазақы рухты сақтау мектеп қабырғасынан басталатынын білмеуі, әлде білгісі келмеуі маған да түсініксіз.

Бір «қызығы» соңғы жылдары жұртшылықтан әділ сынды ең көп естіген А.Мұхамедиұлы мен Е.Сағадиевті  президент Н.Назарбаевтың серкелері деуге болар, өйткені үнемі қолдап отырады, марапаттайды. Қазекеңнен сөз қалған ба: «Сүйенгенің мықты болса, сүйкенгеніңді жығарсың».

Ғаббас Қабышұлы