Көпқабатты үйлердің біріндегі тұрғындар дабыл қағуда – пәтерлердің біріндегі балкон орнынан «жылжып» кетіп, еден дірілдеген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Өте шұғыл. Астанадағы көпқабатты үйлердің біріндегі балкон орнынан «жылжи» бастады. Маған хабарласқан көршінің айтуынша, жоғары қабатта тұратын тұрғындардың еденінде жарықтар пайда болған. Мекенжайымыз: «Орбита» тұрғын үй кешені, Петров көшесіндегі 10-үй. Құрметті жергілікті атқарушы органдар, назар аударуларыңызды сұраймын!», - деп жазды Facebook-тегі топта Наиль Ринатович деген қолданушы.
Ол әлеуметтік желідегі аталмыш тұрғын үйдің видеосы мен фотосуреттер жарияланды. Фотодан балконның пластик терезе қабырғасы майыса бастағанын көруге болады.
Қалалық әкімдіктің хабарлауынша, олар проблемасы бар тұрғын үй туралы біледі. Қазіргі уақытта ол жақта техникалық тексеру жүргізіліп жатыр, одан кейін үйдің апаттық деңгейі анықталады.