Бүгін мәжілісмендер «Еуразиялық экономикалық одақта тауарларды сәйкестендіру құралдарымен таңбалау туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заң жобасын мақұлдады.
Заң жобасымен таныстырған ҚР Қаржы министрі Әлихан Смайылов аталған келісімге 2018 жылдың 2 ақпанында Алматыда өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысы шеңберінде ЕвразЭО елдерінің премьер-министрлері қол қойғанын еске салды.
«Келісімнің негізгі мақсаттары - тауарлар айналымының заңдылығын қамтамасыз ету, тұтынушылардың құқығын қорғау, көлеңкелі экономиканы азайту, бюджетке салықтардың түсімін арттыру, одақ шеңберінде бизнесті жүргізудегі бәсекелестік шарттарын теңестіру. Келісімнің ережесі таңбалау енгізудің тәртібі мен мерзімін белгілеуді, тауарға сәйкестендіру құралдарының және оларды тауарларға желімдеу біріңғай талаптарын, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше-мемлекеттер арасында таңбаланған тауарлар туралы берілетін мәліметтердің құрылымы мен құрамын реттейді. Келісім бойынша кедендік одақ аумағына әкелінген және Одақ аумағында өндірілген тауарлар таңбалануға жатады. Бұл ретте, тауарларды кедендік Одақ аумағынан тысқары жерлерде де таңбалауға рұқсат етіледі», - деді Смайылов.
Министрдің айтуынша, таңбаланатын тауарлардың тізбесі одаққа кіретін елдердің ұсынысы бойынша Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесімен бірауыздан бекітіледі. Ол үшін таңбалау енгізудің мақсатқа сай екендігі туралы толық талдау ұсыну қажет.
«Одақ аумағында жеке тауарлар топтамасына таңбалау енгізу туралы ортақ шешім қабылданған жағдайда, бастамашы мемлекет өзінің заңнамасына сүйене отырып таңбалау енгізуге құқығы бар. Бұл ретте, басқа мүше-мемлекеттер өздерінің ниеттері пайда болған кезде осындай таңбалауға қосыла алады. Кейбір жағдайларда тауарлар таңбалауға жатпайды. Мысалы өндірілген тауарларды Одақтың кедендік аумағынан сыртқа шығарған жағдайда және жеке тұлғалардың өз қажеттілігі үшін әкелген тауарларды таңбалаудың қажеті жоқ. Айта кететінім, бүгінгі таңда таңбалау институты әлемнің көптеген дамыған елдерінде, мәселен АҚШ, ЕО елдері, Бразилия, Қытай және басқа мемлекеттерде ойдағыдай қолданылуда», - деді Әлихан Смайылов.
Ведомство басшысының айтуынша, тауарлардың әрбір бірлігін таңбалау және оны импорттаушыдан және өндірушіден бастап соңғы тұтынушыға дейін қадағалау экономиканы цифрландырудың тиімді құралдарының бірі саналады. Бұған қоса, келісімді іске асыру республикалық бюджеттен қаржы шығынын қажет етпейді.