21 мам, 2021 сағат 17:24

ЕАЭО-ның бірыңғай аграрлық және азық-түлік нарығын құруымыз қажет – Президент


Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай аграрлық және азық-түлік нарығын құруымыз қажет. Бұл туралы Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында Қазақстан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«БҰҰ мәліметтеріне сәйкес, 2020 жылдың қорытындысында азық-түлік тауарларының әлемдік бағасы соңғы үш жылда ең жоғары болды. Осы жылдың басынан бастап әлемдік азық-түлік бағасының индексі 116 тармақты құрады. 2030 жылға қарай азық-түлікке сұраныс кемінде 35 пайызға артатындығы күтіледі. Бұл алаңдатарлық тенденция. Біздің елдеріміздің әрқайсысы азық-түлік тауарлары өндірісінің көлемін арттыруға қажетті әлеуетке ие. Дегенмен, ішкі нарықты қорғау жөніндегі шектеу іс-шаралары агроөнеркәсіп кешенінің дамуын тежеп, азық-түлік тапшылығына алып келуі мүмкін»,- деді Мемлекет басшысы. 

Қазақстан Президенті жекелеген жағдайда шектеу іс-шараларын уақытша қолдануға болатындығын, бірақ, мұндай шектеулер одақ елдеріне таралмауы тиістігін баса айтты. 

«Біздің алдымызда агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция көлемін арттыру, одақтың бірыңғай аграрлық және азық-түлік нарығын құру міндеті тұр. Алдыңғы қатарлы және инновациялық технологияларды енгізу, қосылған жоғары құны бар азық-түлік өндірісін арттыру мақсатында біздің агро-ғылыми мекемелеріміздің өзара іс-қимылын күшейтуіміз қажет. Ауыл шаруашылығы өнімдерін үшінші елдердің нарықтарына экспорттауды да арттыру бойынша бірлескен күш-жігерімізді жандандыру қажет деп есептеймін. Комиссияға бұл бағытта жан-жақты және нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсыру мақсатқа сай деп ойлаймын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.