13 қаз, 2021 сағат 21:55

ЕАЭО Мемлекет басшылары климаттық күн тәртібі туралы мәлімдеме қабылдайды


Мемлекет басшыларының Жоғары еуразиялық экономикалық кеңесінің отырысында экономикалық одақтың климат туралы мәлімдеме қабылдауы жоспарланған. Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан климаттық күн тәртібіндегі жұмысты ұлттық деңгейде ғана емес, өңірлік деңгейде де белсенді жүргізуде. Биыл Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа төрағалық етеді. Ертең Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында мемлекет басшылары одақтың климаттық күн тәртібі туралы мәлімдемені қабылдауды жоспарлап отыр. БҰҰ мен Париж келісімінің орнықты даму мақсатына қол жеткізу үшін экономикалық ынтымақтастықты дамыту ниетін растау жоспарланып отыр», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Мемлекет басшысының айтуынша, ЕАЭО деңгейінде жаңартылатын және баламалы энергия көздерін енгізу, көміртегі аз тұтынатын көлік қатынасын дамытуға бағытталған тиімді тәсілдер мен технологияларды пайдалану мәселелері өзекті болып отыр. 

«Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы өнеркәсіп пен технологиядағы тығыз экономикалық байланыстарды ескерсек, бірлескен іс-қимылдар табысқа жетудің сөзсіз кепілі бола алады», - деп атап өтті Мемлекет басшысы Нұр-Сұлтанда өтіп жатқан «Париж келісімі мен Қазақстанның көміртегі бейтараптылығы мақсаттарына қол жеткізу жолдары» атты халықаралық конференцияда.