Қазақстандық дзюдошы Карина Тәкиева Ливан астанасы Бейрутта дзюдодан мәреге жеткен Азия чемпионатында жеңімпаз атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат .
БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы мәлім еткеніндей, Карина аса ауыр салмақта (+78 кг) топ жарды.
Карина Русланқызы 2003 жылы Орал қаласында дүниеге келген. Дзюдо әліппесін жекпе-жек спорты түрлерінен олимпиада резерві мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінде жаттықтырушы Азамат Қапсатовтан үйренді.
Қазіргі кезде Алматыдағы республикалық спорт колледжінің 2 курс студенті. Бапкері – Жайдар Сайлаубаев.
2021 жыл Карина үшін табысты жыл болды. ҚР V жастар спорт ойындары мен 23 жасқа дейінгілер арасында ел біріншілігінде күміс жүлдемен марапатталса, ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатында үздік үштікке ілікті.
Қазақстан дзюдо федерациясының мәліметіне қарағанда, жарыстың соңғы күні сондай-ақ Максим Мейірлан 81 келіге дейінгі салмақта қола жүлдеге ие болды.
Осылайша Қазақстан жастар ұлдар құрамасы (аға жаттықтырушылары Азамат Мұқанов пен Айбек Имашев) Азия чемпионатын 2 алтын, 1 қола, қыздар (аға бапкерлер Хатип Арсен, Нұрбек Мықтыбеков) 1 алтын, 1 күміс және 4 қола медальмен аяқтады.