13 сәу, 2022 сағат 12:43

Джо Байден: Ресей Украинада геноцид жасап жатыр


АҚШ президенті Джо Байден Ресей әскерінің Украинада бейбіт халыққа жасап жатқанын геноцид деп атады. 

"Мен оны геноцид деп атадым, себебі Путин тіпті украин атану мүмкіндігінің өзін жоюға күш салып жатыр. Оған айғақтар барған сайын көбеюде" деді президент Байден.

Оның сөзіне қарағанда, геноцид бойынша түпкілікті шешімді заңгерлер қабылдайды.

Осыған дейін Американың ресми тұлғалары Ресейдің Украинадағы әрекетін "әскери қылмыс" деп атап, геноцид сөзін қолданбаған. Өткен аптада президенттің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан Америка үкіметі қолданған анықтама бойынша Украина аумағындағы қылмыс геноцид емес деп түсіндірген. 

Буча қырғынынан кейін Ресейге "Украина халқына геноцид жасады" деген айыптар тағыла бастаған. Бірнеше апта Ресей әскерінің бақылауында болған Буча қаласында орыс әскері кеткеннен кейін бейбіт тұрғындардың мәйіттері табылған. Буча мэрінің сөзіне қарағанда, 12 сәуір күнгі мәлімет бойынша қаладан 403 мәйіт табылған. Әзірге толық емес мәлімет бойынша, олар Ресей әскерінің қолынан қаза болған.