«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ (ЕРДО) президенті Тамара Дүйсенова Дубай қаласындағы VI Білім саммиті аясында өткен «Тұрақты үкіметтер» сессиясы барысында Қазақстандағы еңбек нарығын жаңғырту туралы баяндады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Биыл Білім саммиті «Тұрақты даму» тақырыбына арналған. БАӘ-де өткізіліп жатқан іс-шараға 5000-нан астам қатысушы және әр елден 400 спикер қатысты. Делегаттар дағдыларды дамыту, жастарды дамыту, жұмысқа орналастыру, ұлттық даму, қалдықтарды басқару, жасыл экономика, таза энергия, климаттың өзгеруі және бүкіл әлемге қатысты басқа да өзекті мәселелер сияқты тақырыптарды талқылады. Саммиттің 2 күні ішінде 150-ге жуық тікелей параллель сессия өтті.
«Тұрақты үкіметтер» сессиясында үкіметтер мен ел көшбасшыларының тұрақты стратегияларды алға жылжытуға және тұрақты дамуға ықпал етуін егжей-тегжейлі қарастыруға арналған сессияда ЕРДО АҚ президенті Тамара Дүйсенова сөз сөйледі. Ол қатысушыларға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бастаған Қазақстанның Үшінші жаңғыруының ерекшеліктері туралы айтып берді. Жобаны Қазақстанда жүзеге асыру үшін экономиканы, саяси жүйені және азаматтардың қоғамдық санасын дамыту бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде.
«Инновация және экономиканы әртараптандыру арқылы еңбек өнімділігінің өсуі еңбек нарығының өзгеруін талап етеді. Өз кезегінде, еңбек нарығындағы өзгерістер білім жүйесіне қойылатын талаптардың артуына алып келеді. Бізде кәсіби кадрлардың болуы елді толық жаңғырту табысын айқындайды, өйткені өз саласының мамандары жоғары әлеуметтік жауапкершілікке ие және олар инновациялар мен кәсіпкерлікке ашық», – деді ЕРДО басшысы.
Сонымен қатар, спикер Ұлттық біліктілік жүйесін халықаралық стандарттарға сәйкестендіру үшін кәсіби кадрларды даярлаудың бірқатар құралдарының іске қосылып жатқандығын атап өтті. Сондай-ақ, салалық үрдістерді, халықаралық және ұлттық болжамдарды ескере отырып, кәсіби стандарттар қаралуда.
«Мамандықты дұрыс таңдау адамның өмір сүру сапасы мен білім деңгейіне әсер ететін әлеуметтік тұрақтылықтың басты факторы болып табылады. Сондықтан, жекелеген кәсіптердің пайда болуын немесе жоғалуын ескере отырып, елімізде кәсіптердің атластары әзірленуде. Біздің жоспарларымыз оларды IT-технологиялар, машина жасау, туризм, энергетика сияқты және басқа да салалар үшін әзірлеу», – деді Дүйсенова.
ЕРДО президенті қатысушыларға хабарлағандай, әзірленіп жатқан құралдарға сүйене отырып, академиялық даярлықта да, Қазақстандықтарды онлайн-оқытуда де қолданылатын білім беру бағдарламалары қайта қаралатын болады. Халықаралық деңгейде Қазақстаннан сертификаттарды тану бойынша мүмкіндіктер қаралуда.
Қорытындылай келе Тамара Дүйсенова Қазақстандағы еңбек нарығындағы жағдайдың бірегейлігін атап өтті, ол 1990 жылдардың аяғында-2000 жылдардың басында туудың құлдырауы салдарынан пайда болды және ол жас мамандардың пайда болу санының төмендеуіне алып келді.
«Бұл ретте, демографиялық болжамдарға сәйкес, алдағы 3-5 жылда біз жас мамандардың еңбек нарығына түсуінің жеделдетуін күтудеміз. Сондықтан қазір біз үшін еңбек ресурстарын болжаудың интеграцияланған жүйесін құру және еңбек нарығының тепе-теңдігін қамтамасыз ету өте маңызды. Ел экономикасын жаңғырту барысында біз еңбек нарығы мен тұтастай алғанда жұмыспен қамту секторын дамытудың жаңа тұжырымдамалық үлгісін жасап, жобаларды басқару қағидаттарына көшетін боламыз, сонымен бірге 2025 жылға дейін еңбек нарығын жаңғыртудың Жол картасын қабылдаймыз. Осылайша, тереңдетілген цифрландыруды одан әрі жетілдіру жалғасады. Нәтижесінде, біз алдағы жылдары бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына кіруді жоспарлап отырмыз», – деп түйіндеді сөзін ЕРДО президенті.
Жыл сайынғы Білім саммиті – білім алмасудың жаһандық алаңы, оның қорытындысы бойынша «Араб Білім Жобасы» 2019 жылы Жаһандық Білім индексін (Global Knowledge Index) және болашақ білімді болжау туралы баяндаманы (Knowledge Foresight Report) іске қосады.