Тәжікстан мен Қырғызстан өкілдерінің шекара мәселесі бойынша кездесуі. Соғды облысы, Тәжікстан. 1-7 қыркүйек 2021 жыл
Тәжікстан астанасы Душанбе қаласында тәжік-қырғыз шекарасы бойынша келіссөз өтті.
Қырғызстан министрлер кеңесі баспасөз қызметінің хабарлауынша, мемлекеттік шекараны делимитациялау және демаркациялау жөніндегі үкімет делегациясының топографиялық жұмыс топтары қазанның 25-і мен 30-ы аралығында кездескен. Отырыс нәтижесі жайлы хабар жоқ, бірақ Қырғызстан үкіметінің мәліметіне қарағанда "кездесу өзара достық пен түсіністік жағдайында өткен".
Екі тарап келесі кездесуді Қырғызстанда жалғастыруға келіскен.
Биыл сәуір айының соңында Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында болған қантөгістен кейін екі мемлекеттің топография топтары бірнеше рет кездесіп, хаттамаға қол қойған. Әзірше Бішкек пен Душанбе құжаттарды жариялаған жоқ. Алайда шілде айында кейінгі үш кездесу нәтижесінде екі тарап шекараның 40 шақырымы бойынша келісімге келгені хабарланған.
Жалпы ұзындығы 970-980 шақырым қырғыз-тәжік шекарасының бүгінде тек 519 шақырымы ғана демаркацияланған. Екі ел арасында жерге, суға талас жиі байқалады. Кей уақытта қару қолданылып, адам өліміне дейін ұласады.