«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов Қазақстанда төтенше жағдай режимінің мамырға дейін созылуын жақсы хабар ретінде қабылдағанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Меніңше, бұл - өте дұрыс шешім. Өйткені сарапшылардың бәрінің осыған дейін орта есеппен 15 мамырға дейін төтенше жағдай аяқталады деген болжамы болған еді. Президент 11 мамырдан бастап төтенше жағдай режимі аяқталатынын айтты. Бұл - жақсы хабар», - деді Абылай Мырзахметов Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Facebook парақшасында онлайн режимде сөйлеген сөзінде.
Палата басшысы дегенмен қауіп барын ұмытпау керектігін де тілге тиек етті.
«Сондай-ақ 1 мамырдан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында әуе рейстері іске қосылатыны айтылды. Осыған дейін медицина мамандары адамдардың арасындағы екі метрлік қашықтықтың сақталуы керектігін санамызға құйды. Адамдар бұл ретте ұшаққа маска киіп келуі керек. Олардың температурасы өлшенеді. Менің ойымша, осы тәртіптің бәрін сақтау үшін бәлкім бір санитарлық сертификат тапсыру мәселесін қолға алу керек болар. Өйткені жауапкершілікпен бірге оны қадағалайтын да ереже болуы тиіс. Осының бәрін тұтынушылар, оларға қызмет көрсетушілер, тауар сатушылар және кәсіпкерлер – бәріміз нақты сақтайтын болсақ, қауіпті дерттің ары қарай асқынуына жол бермейміз», - деді ол.
Еске сала кетсек ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай режимін биылғы 11 мамырға дейін ұзарту жөнінде шешім қабылдады. Бұл туралы Мемлекет басшысы бүгінгі мәлімдемесінде айтқан болатын.