Қатерлі ісікке шалдығып, емге қаражат іздеген ағайынның жанайқайын күн сайын естіп, көріп жүрміз. Әлеуметтік желіден де, ұялы телефоннан да. Көптігі соншалық, соңғы кезде етіміз өле бастағандай, кейбірін сыдырта оқып өте шығамыз. Себебі, біріне көмектесерсің, бес-он тиыныңды бесеуіне, тіпті онына аударарсың. Бірақ бәріне қолұшын беруге мүмкіндік жоқ.
Қазақ «жаман ауру» деп атын да атаудан сескенетін обырдың көбейіп бара жатқаны рас. Статистикаға сүйенсек, 2018 жылы Қазақстанда 181 мың адам қатерлі ісікке шалдыққан. Оның 34 мың 585-іне қауіпті диагноз тұңғыш рет қойылыпты. Пациенттердің басым бөлігі Алматы қаласының (3996), Шығыс Қазақстан (3648), Қарағанды (3614) және Алматы облыстарының (2695) тұрғындары.
Былтыр қатерлі ісіктен 14 406 отандасымыз көз жұмған. Онкологиялық аурулардан болған өлім-жітім көрсеткіші бойынша Шығыс Қазақстан (1757) және Қарағанды (1284) облыстары, сондай-ақ, Алматы қаласы (1611) көш бастап тұр. Бұл жәй ғана статистика емес. Оның артында қанша отбасының тағдыры, көз жасы, қасіреті тұр.
4 ақпан – Дүниежүзілік онкологиялық ауруларға қарсы күрес күні. Бұл күнді атап өтудегі мақсат – жұртшылық назарын ғаламдық проблемаға аудару болатын. «Мен. Мен бармын» (I Am. And I Will) деген ұранмен өтетін биылғы іс-шаралар әрбірімізді обырға қарсы күреске үлес қосуға бағытталмақ. Өйткені, бүгінде дүние жүзі бойынша обыр өлім-жітім саны жағынан жүрек-қан тамыры жүйесінен кейін екінші орынға жайғасты.
ОБЫР – ҮКІМ ЕМЕС
Көпшіліктің обырды үкім ретінде қабылдайтыны жасырын емес. Бірақ күн сайын дамып жатқан медицина мен ғылым онкологиялық аурулардың басым бөлігін емдеуге мүмкіндік ашты. Мамандардың айтуынша, скринингтік зерттеулер жүргізу арқылы қатерлі ісіктің көптеген түрлерін ерте анықтауға болады. Мысалы, сүт безі обырын бастапқы кезеңде анықтаған жағдайда науқастардың 94 пайызын толық емдеп жазуға болады. Ал, емге кететін шығынды 200 есеге қысқартуға мүмкіндік туады.
Қазақстанда онкологиялық аурулардың сүт безі, жатыр мойны, тік ішек, асқазан және өңеш, простата безінің қатерлі ісігі сынды түрлері кең таралған. 2018 жылы сүт безі қатерлі ісігінен 315 әйел көз жұмған. Өкпе рагы 754 адамның, ұйқы безі обыры 202 науқастың өліміне себепші болды.
ҚАТЕРЛІ ІСІКТІҢ АЛДЫН АЛУ
Бүгінде онкологиялық сырқатқа шалдығу қаупі жоғары болып тұр. Бұған шылым шегу (темекіні шеккен адам ғана емес, оның түтінін жұтқандар да), спиртті ішімдіктер ішу, қоршаған ортаның ластануы, канцерогендер мен улы заттар, ультракүлгін сәулелердің әсері (күннің көзі, солярий), вирустар (В,С гепатиті вирусы бауыр обырына шалдықтырады), дұрыс тамақтанбау сынды тағы да басқа факторлар себеп.
Өкінішке орай, әлем ғалымдары әлі күнге дейін қатерлі ісікті емдеп жазатын әмбебап дәрі ойлап тапқан жоқ. Технология мен медицинаның даму қарқынына қарағанда ол күндердің де ауылы жақындап қалған болуы әбден мүмкін. Әзірге, біздің қолымыздан келетіні – аурудың алдын алу және дер кезінде емделу. Мұның бәрі түптеп келгенде профилактика мен салауатты өмір салтына келіп тірелетін дүниелер.
ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ ТЕКСЕРУЛЕР МЕН СКРИНИНГТЕР
Емханада жүргізілетін тұрақты тексерулердің көмегімен онкологиялық аурулардың алдын алуға болады, дейді мамандар. Бұл тексерулерден белгілі бір санаттағы азаматтар тегін өте алады. Атап айтар болсақ, мемлекет бірқатар скрининг түрлеріне жыл сайын тұрақты түрде қаражат бөліп отырады. 2019 жылы аталған скринингтік бағдарламаларға мемлекет 4,3 млрд теңге бөлді.
Тегін скрининг түрлері:
- 40 пен 70 жас аралығындағы әйелдер сүт безі обыры қаупі жоғары топқа жатады. Сондықтан олар маммографиялық тексеруден тегін өтеді;
- 30 бен 70 жас аралығындағы әйелдер жатыр мойны қатерлі ісігіне тегін тексеріледі;
- 50 мен 70 жас аралығындағы ерлер де, әйелдер де тоқ ішек пен тік ішек обырына тегін тексеріледі.
Жалпы, біз скрининг деп аталатын кешенді тексерулерге үйренбегенбіз. Жаман хабар естігісі келмейтіндіктен көптеген адамдар профилактикалық тексерулерден, дәрігерге қаралудан қашқақтайды. Бірақ біз «жаман хабар жатпайтынын», бұдан жақсы жаңалықтың көбеймейтінін ұмытып кетеміз. «Ауруын жасырған өледі» демекші, кез-келген сырқатты ерте анықтаса оны емдеудің де жеңіл болатынын ұмытпағанымыз жөн.
Шынар Әлжанова,
Медициналық сақтандыру қоры