06 нау, 2020 сағат 13:56

Дүкеншіні өлтірген ақтөбелік қарақшыларға сот үкімі шықты

Ақтөбеде дүкеншіні аяусыз ұрып-соғып, пышақтап өлтірген сотталушыларға үкім шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында сотталушы М.Жүсіпов пен А.Қанаевқа үкім шықты. Оларға Қылмыстық кодекстің «Қарақшылық», «Адам өлтіру», «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» баптары бойынша айып тағылған болатын. 

Іс материалына сүйенсек, 2019 жылдың тамыз айында М.Жүсіпов және оның танысы А.Қанаев Қарғалы ауданындағы «Ақниет» дүкенін тонауды көздеген. Екеуі дүкеншіге бірнеше рет пышақ сұғып, сол жерде 180 мың теңгеден астам ақшаны алып кетті. Олар оқиға орнынан ізін суытқан.Сол күні М.Жүсіповтың үйін тінту кезінде есірткі заты тәркіленді. Ұсталған А.Қаниев ішінара кінәсін мойындады.

«А.Қаниев Қылмыстық кодекстің «Қарақшылық», «Адам өлтіру» баптарымен кінәлі деп танылып, 16 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазасын қауіпсіздігі жоғары түзету мекемесінде өтесін. М. Жүсіпов «Қарақшылық», «Адам өлтіру», «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» баптары бойынша айыпты деп танылып, 20 жылға бас бостандығынан айырылсын. А.Қаниевтен моральдық залал ретінде 4 миллион, М.Жүсіповтен 4 миллион теңге өндірілсін», - деді үкімді жария еткен судья Қиянат Мырзабеков. 

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.