Фото: elements.envato.com
1,5 мың қазақстандықтың Дубайда құны миллиард доллардан астам болатын жылжымайтын мүлкі бар. Мұндай мәліметті EU Tax Observatory (Еуропалық салық обсерваториясы) сарапшылары мамырдағы есебінде келтірген, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі.
Жарияланған есепте сарапшылар Дубайдағы 800 000 жылжымайтын мүлік иелері туралы деректерді талдаған.
"Дубайдағы оффшорлық жылжымайтын мүлік үлесі өте үлкен: кем дегенде 146 миллиард долларды шетелдіктер жылжымайтын мүлік нарығына жалған компаниялар арқылы инвестициялады, бұл Лондондағыдан екі есе көп. Географиялық орны мен байланыстары бұл қаладағы шетелдік инвестицияны анықтайтын негізгі фактор саналады", - делінген құжатта.
Зерттеу деректеріне сәйкес, Дубайдағы 1 550 қазақстандық құны 1,018 миллиард долларболатын 2 694 мүлікке иелік етеді. Орта есеппен қазақстандықтар бір жылжымайтын мүлікке 377 989 доллар жұмсаған.
Салыстыру үшін, БАӘ-нің ең ірі қаласында 5 381 ресейлік жалпы сомасы 3,344 миллиард болатын 9 755 жылжымайтын мүлікке иелік етеді.
Қырғызстан азаматтары арасында Дубайда жылжымайтын мүлкі бар 106 адам бар, олардың жалпы құны - 102 миллион доллар, 236 нысан.
Анықтама: 2020 жылы Еуропалық комиссия EU Tax Observatory деп аталатын жаңа еуропалық қоғамдық ұйымды құруға 1,2 миллион еуро бөлген. ЕО салық обсерваториясының мақсаты - әлемдегі салықтан жалтару және ақшаны жылыстату мәселелеріне назар аудару.
858 рет оқылды