Орал қаласындағы Достық үйінде Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов өңіріміздегі этномәдени орталық, БҚО Қазақстан халқы ассамблеясының құрылымдық бөлімшелерінің жетекшілерімен, «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкерлерімен кездесті.
Жиынды ашқан облыстық ассамблея төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов айтып өткендей, кездесудің мақсаты – таяуда ғана облыс әкімінің әлеуметтік саясат, соның ішінде ассамблея саласы бойынша орынбасары болып тағайындалған Ғабидолла Абдоллаұлын ассамблея өкілдеріне жақынырақ таныстыру.
- Президент Әкімшілігінің келісімімен ротация тәртібі бойынша облыс әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалдым. Алдағы уақытта өздеріңізбен бірге қоян-қолтық жұмыс жасаймыз деп ойлаймын. Елбасмыздың саясатын Ақ Жайық өңірінде жүргізу кезінде сіздердің тәжірибелеріңізге арқа сүйейтін боламыз. Ұлттық мейрамдарды өткізу және өзге де жұмыс бағыттары кезінде сіздерге қолымыздан келгенше көмектесіп, қолдау көрсетеміз. Жаңа мына Достық үйінде орналасқан әрбір этномәдени орталықтың бөлмелерін көріп қуанып қалдым. Олардың бәрі өздерінің ұлттық салт-дәстүрлері мен мәдениеттеріне сай әдемі нақышталғаны көңілімнен шықты.
Өздеріңіз жақсы білесіздер, Елбасымыз ұлтаралық, конфессияаралық мәселеге жете мән беріп отыр. Бұл бағытта жүргізілген көптеген жұмыстың нәтижесінде әлем елдері бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау бойынша Қазақстанның саясатын мойындады. Қазіргі таңда республикамыз түрлі елдерді бітімгерлікке шақыру бойынша медиаторлық қызмет атқаруда. Сириядағы жағдайды тұрақтандыруға байланысты бітімгершілік шаралар Астанада әлі де жалғасын табуда. Мемлекетіміздің осындай игі ісі ойдағыдай жүзеге асып қана қоймай, көпшілікке үлгі болуда.
Еліміздің ертеңгі ұрпағының жағдайы бүгінгі біз атқарып жатқан еңбекпен тығыз байланысты. Сол себепті ертеңгі жарқын болашақ үшін бәріміз бір атаның баласындай ынтымақтаса жұмыс істейтінімізге сенімдімін, - деді Ғабидолла Абдоллаұлы.
Содан кейін сөз алған облыстық ассамблея жанындағы аналар кеңесінің төрайымы Шалқыма Құрманалина, орыс мәдениет орталығының төрағасы Сергей Погодин, «Вайнах» шешен-ингуш мәдени орталығының жетекшісі Данильбек Саратов, «Орал-Жайық казактары» бірлестігінің басшысы Анатолий Авилов және өзгелері Ғабидолла Абдоллаұлының қызметіне табыс тілеп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жұмыс жасауға әзір екендерін айтты.
Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ