Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің сауда-экономикалық байланыстарын жандандыру қажет. Бұл туралы ТМД ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің кезекті отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандырып, ұлғайту бірінші кезекті міндет. Бірқатар беделді халықаралық ұйымның мәліметі бойынша ТМД мемлекеттерінің өңіршілік тауар айналымы 91 млрд долларды немесе әлемдік сауда деңгейінің 0,5 пайызын ғана құрайды. Бұл ретте Достастық елдерінің өзара сауда үлесі біздің мемлекеттеріміздің сыртқы әлеммен жалпы тауар айналымының шамамен 20 пайызын алып отыр», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
ҚР Президентінің атап өтуінше, бұл көрсеткіштер Достастық елдері сауда-экономикалық байланысты айтарлықтай арттыруы үшін мол әлеуеттің бар екенін көрсетеді.
«Сондықтан экономикалық өзара іс-қимылдың қазіргі әдістерін ой елегінен өткізіп, жетілдіру үшін бірлескен үлкен жұмыс атқару қажет»,- деді Мемлекет басшысы.