14 қыр, 2021 сағат 12:40

Досаев Ұлттық қорда қанша ақша бар екенін айтты



Биыл тамыз айының соңындағы жағдай бойынша Ұлттық қорда 56,9 миллиард доллар бар. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.


"Биыл тамызда Ұлттық қорға түскен түсімдер 420 миллиард теңге, оның ішінде шетел валютасында 506 миллион доллар немесе 215 миллиард теңге болды. Ұлттық қордың активтері осы жылдың тамыз айының соңында 56,9 миллиард долларды құрады", - деді Досаев үкімет отырысында.


Айтуынша, тамызда 396 миллиард теңгеге нысаналы және кепілдендірілген трансферттерді бөлу үшін 845 миллиард доллар сатылды.


Сондай-ақ ол өткен айда Ұлттық қордың инвестициялық кірісі оң қалыптасқанын және 316 миллион долларды құрағанын атап өтті.


Ал жыл басынан бастап Ұлттық қордың инвестициялық кірісі негізінен акциялар нарығында өсуді жалғастыруына байланысты 2,3 миллиард доллар немесе 4,11% болды.


Досаевтың мәліметінше, алтын-валюта резервтері бір айда 1,8 миллиард долларға ұлғайып, тамыздың соңында 36,8 миллиард долларға жетті.


Ұлттық қордың активін қоса алғанда, жалпы халықаралық резервтер бір айда 1,8 милиард долларға ұлғайып, 93,7 миллиард долларға жетті.