Фото: Tengrinews.kz/Турар Казангапов
Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев 2022 жылы инфляция төмендейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Үкімет пен Ұлттық банктің үйлескен іс-қимылы нәтижесінде қазанда алты ай бойы көтерілген жылдық инфляцияның өсуі тоқтады. Инфляцияға қарсы жүйелі шараларды одан әрі іске асыру 2021 жылғы инфляцияны 8,5 процентке дейін тұрақтандыру, ал 2022 жылы 4-6 проценттік дәлізге кіруге мүмкіндік береді", - деді Досаев Сенаттың жалпы отырысында.
Оның айтуынша, азық-түлік бағасын ұстап тұру мақсатында тұрақтандыру қорларын тиімді пайдалану қарастырылған. Бұдан бөлек, өнімдерді форвардтық сатып алу іс-шаралары бар. Осылайша биыл инфляция 8,5 проценттен аспауға тиіс.
"2022-2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сәйкес, инфляция біртіндеп төмендеп, 2023-2024 жылдары 4-5 процент, ал 2025-2026 жылдары 3-4 процент деңгейінде болады", - деп атап өтті Досаев.
Бас банкирдің сөзіне қарағанда, инфляцияны 3 процентке дейін төмендету үшін қазіргі іс-шаралар аздық етеді. Оған қоса, экономиканы одан әрі әртараптандыру және импорт тауарларына тәуелділікті төмендету аясында жүйелі жұмыстарды жандандыру қажет.